Иранда жаппай наразылық кезінде интернет өшірілді

Иранда үкіметке қарсы наразылықтар күшейген шақта билік ел бойынша интернет пен байланыс желілерін өшірді. Бұл туралы CNN телеарнасы хабарлап отыр.

Арнаның мәліметінше, 8 қаңтар күні кешке Тегеран мен басқа да ірі қалада жаппай наразылық басталған сәтте интернет пен телефон байланысы толықтай тоқтатылған. Елде наразылық акциялары екі аптадан бері жалғасып жатыр.

Халық билік басындағы діни жүйеге қарсы ұрандап, экономикалық жағдайдың нашарлауы, күш құрылымдарының қысымы мен қуғын-сүргінге наразылық білдіріп жатыр. Интернеттің қолжетімдігін бақылайтын халықаралық ұйымдар биліктің бұл әрекетін көтерілісті күшпен басу мақсатында жасалған қадам деп бағалады.

CNN дерегіне сәйкес, наразылыққа жүзден астам қаланың тұрғындары шыққан. Билік бұрынғыдай наразылықты күш қолдану арқылы тарату тактикасына жүгінген.

Норвегияда орналасқан IHRNGO ирандық құқық қорғау ұйымының мәліметінше, 2025 жылғы 28 желтоқсанда басталған наразылықтар кезінде кемінде 45 адам қаза болған, олардың ішінде сегіз бала бар. Сонымен қатар жүздеген адам жараланып, 2 мыңнан астам азамат ұсталған.

Айта кетейік, 2025 жылғы маусымда да Иранда жаппай наразылықтар болған. Сол кезде де билік бүкіл елде интернетті өшіріп, кейін Starlink спутниктік интернетін пайдаланған азаматтарды қудалайтынын мәлімдеген еді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да