Енді пойыздар мен ұшақтарда интернет пайда болады

Қазақстанның республикалық және облыстық маңызы бар тасжолдарында, сонымен қатар пойыздар мен ұшақтарда интернет пайда болады.

Бұл туралы вице-премьер – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев үкімет отырысында мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, қазіргі таңда шалғай және жетуі қиын елді мекендер спутниктік байланыс жобалары арқылы интернетпен қамтылып жатыр.

Бүгінде Қазақстанда спутниктік интернет қызметін көрсететін үш оператор жұмыс істейді. Жақын арада нарыққа тағы екі шетелдік компания шығады, оларды биыл сынақтан өткізу жоспарланған. Сонымен қатар 2026 жылы «Қазақстан темір жолы» пойыздарында және Air Astana әуе компаниясының ұшақтарында спутниктік интернет іске қосылады, – деді Жаслан Мәдиев.

Оның айтуынша, байланыс мүлде жоқ аумақтарда, әсіресе туристік және қолжетімі қиын аймақтарда, әкімдіктер жергілікті бюджет есебінен спутниктік интернет орнатуға тиіс.

Сонымен қатар вице-премьердің мәліметінше, республикалық және облыстық маңызы бар 40 мың шақырым автожол мобайл байланыспен қамтылады. Бұл жобаны алдағы екі жылда аяқтау жоспарланып отыр.

Осыған байланысты Жаслан Мәдиев өңір әкімдерінен байланыс нысандарын орналастыру үшін жер телімдерін жедел бөлуді және электр энергиясына қосылуға қажетті техникалық жағдай жасауды сұрады.