Нью-Йорк университеті мен Жоғарғы экономика мектебінің ғалымдары баланың өтірік айтуы мен ішімдік ішуінің арасында байланыс бар екенін анықтады. Олардың айтуынша, ата-анасына жиі өтірік айтатын балалар ішімдік ішуге әуес болады.
«Үлкендерге өтірік айту әдеті мен алкогольді ішімдік ішуге деген әуестік өзара байланысты. Егер бала үйде болмаған кезде не істегені туралы өтірік әңгімелер құрастырып, оған ата-анасын сендіре білсе, яғни оларды жүйелі түрде алдай алса, ішімдік ішуді әдетке айналдыруы мүмкін. Ата-ана бұл жағдайды өзгерте алмайды, себебі бала үлкендерден керексіз ақпаратты жасырып үйренген»,- дейді зерттеушілер.
Ғалымдар бұл жағдайды шешуге отбасындағы сенім мен жылы қарым-қатынас қана көмектесетінін айтады. Себебі, бала өзін жақсы көретін және қолдайтын адамдарға ғана ашылып сырын айтады. Өзара сенім бар отбасында өскен балада өтірік айту мен ішімдік ішу әдеттері аз болады.
Сондай-ақ, зерттеу нәтижесінде жаман әдеттерге бой алдырған жасөспірімді ата-ананың тым қатал тәрибесі жолға сала алмайтыны жазылған.
«Жасөспірім шақ — баланың қоғамдағы өзіндік орнын белсенді түрде іздейтін уақыты. Бұл кезде ата-анасымен арасында сенім болмаса, бала ішімдік ішу мен өтірік айтуды «батырлыққа» балауы, өзінің артықшылығы көруі мүмкін. Сондықтан бұл әдеттер өзара байланысты. Ал, ата-ананың тым қатал қарауы жағдайды ушықтырып жібереді»,- дейді зерттеу авторларының бірі, Нью-Йорк университеті мен Жоғарғы Экономика мектебінің Санк-Петербургтегі әлеуметтану департаментінің доценті Виктор Каплун.
Ғалымдар бұл қорытындыға 16-17 жастағы төрт мың оқушы мен олардың анасына жүргізілген зерттеудің нәтижесінде келді.