Өскеменде әйел адам алтын сақинаны бижутерияға ауыстырып кеткен

Өскемендегі сауда орталықтарының бірінде зергерлік бұйым ұрлығы тіркелді. Бұл туралы YK-news.kz хабарлап отыр.

Полицияның мәліметінше, зергерлік дүкенге ерлі-зайыптыға ұқсас жұп келген. Әйел адам құны 200 мың теңгеден асатын алтын неке сақинасын киіп көрген. Сол сәтте оның жанындағы ер адам белгісіз себеппен дүкеннен шығып кеткен. Араға көп уақыт салмай әйел де сауда орнынан кетіп қалған.

Кейін дүкен қызметкерлері алтын сақинаның орнына бижутерия қалдырылғанын анықтаған. Бейнебақылау камераларын тексеру барысында зергерлік бұйымның әдейі ауыстырылғаны расталды.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі уақытта күдіктілерді анықтау және ұстау мақсатында жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр, — делінген Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің хабарламасында.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да