Тоқаевтың Токиоға сапары жапон медиасында кеңінен талқыланды

Жапонияның жетекші ақпарат құралдары 18 желтоқсанда Қазақстан президентінің Токиоға жасаған ресми сапарына ерекше назар аударды.

Ірі ұлттық басылымдар мен аймақтық газеттер Қазақстан мен Жапония арасындағы қарым-қатынастың жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті.

Жапон медиасында мемлекет басшысының Император Нарухитомен Император сарайында кездесуі сапардың басты оқиғасы ретінде сипатталды. Бұл – Жапония тарапынан көрсетілетін жоғары деңгейдегі дипломатиялық құрметтің белгісі. Кездесу барысында тараптар су ресурстары, экология және Каспий теңізінің таяздануы секілді өзекті мәселелерді талқылаған. Asahi агенттігі Императордың Қазақстандағы су тасқынына байланысты көңіл айтқанын жазса, Nikkei басылымы су мәселесінің жаһандық сипатта көтерілгеніне назар аударды.

Жапон сарапшылары Император Нарухитоның су экологиясын зерттеумен айналысатын ғалым екенін ескере отырып, бұл әңгіме екі ел арасындағы тек саяси емес, ғылыми әрі адами байланыстың да нығайғанын көрсетеді деп бағалады.

Сонымен қатар Жапония премьер-министрі Саанаэ Такаитимен өткен келіссөздер кеңінен қамтылды.

Jiji агенттігінің жазуынша, тараптар энергетика, мұнай-газ саласы, сирек металдар, жеткізу тізбегінің қауіпсіздігі, цифрлық инфрақұрылым, жасанды интеллект және байланыс технологиялары бағытындағы серіктестікті талқылаған.

AI және цифрлық байланыс саласындағы жаңа келісімдер Nikkei тарапынан «Орталық Азиядағы ең перспективалы технологиялық альянс» ретінде бағаланды. Сонымен қатар жапон басылымдары «Орталық Азия + Жапония» форматындағы алғашқы жоғары деңгейдегі саммитке Қазақстанның шешуші рөл атқаратынын атап өтті.

Жапон медиасының ортақ тұжырымы бойынша, Тоқаевтың сапары Қазақстанды тек энергия мен минералдар елі ғана емес, Орталық Азиядағы тұрақтылықтың, технологиялық серіктестіктің және сенімді дипломатияның негізгі тірегі ретінде көрсетті.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да