Алматы мектептерінде Qarzhy Saqshysy қаржылық қауіпсіздік бойынша білім беру жобасы іске асып жатыр. Бұл туралы Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті хабарлап отыр.
2025 жылғы 1–15 желтоқсан аралығында «Заң және тәртіп» жалпыұлттық нарративі аясында Алматыдағы мектептер мен колледждерде жасөспірімдерге қаржылық қауіпсіздікті үйрету және заманауи цифрлық қатерлерден қорғауға бағытталған республикалық Qarzhy Saqshysy компьютерлік ойыны өтіп жатыр.
Жобаны Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен Алматы қаласы білім басқармасы бірлесіп іске асырып отыр. Ойын AML Academy тарапынан Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен әзірленген.
Жобаның мақсаты — жасөспірімдердің қаржы сауаттын арттыру және цифрлық ортада жауапты мінез-құлық қалыптастыру.

Qarzhy Saqshysy ойыны жасөспірімдерді жастар арасында жиі кездесетін қаржылық алаяқтықтың түрлі схемасымен таныстырады:
• қаржы пирамидалары;
• дропперлік әрекеттер;
• фишиңдік шабуылдар;
• әлеуметтік желілер мен мессенжерлердегі алаяқтық түрлері;
• цифрлық гигиенаның негізгі қағидалары.
Ойынның интерактивті форматында 10–11-класс оқушылары мен колледж студенттеріне бейімделген практикалық тапсырмалар, шағын ситуациялар мен сұрақтар бар. Мұндай тәсіл жасөспірімдерге теориялық білімді меңгерумен қатар, нақты цифрлық жағдайларда қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қолдануға мүмкіндік береді.
Ойын қорытындысы бойынша үздік қатысушыларға бағалы сыйлықтар мен диплом беріледі. Ұйымдастырушылардың пікірінше, бұл жоба профилактиканың тиімді құралына айналып, мегаполис мектептері мен колледж студенттерінің қаржылық қауіпсіздік деңгейін арттыруға ықпал етеді.
