Не болды?
Астанада ЖРВИ мен тұмау жұқтырғандар азайып келеді. Алайда маусым әлі аяқталған жоқ. Бұл туралы Астана әкімдігі хабарлап отыр.
Мәлімет
Дархан Құлмахан — Астанадағы №13 қалалық емхананың шұғыл көмек бөлімінің фельдшері. Оның айтуына қарағанда, қараша айында тұмау өршіген кезде медициналық мекеме күніне 100 шақты пациентке дейін қабылдаған.
Баланың қызуы үш күннен артық көтеріліп тұрса, әлсіздік байқалса – ауруханаға жатқызамыз. Бес жасқа дейінгі балалар ауруханада ата-анасымен бірге жатады. Бес жастан кейінгілерді бөлек жатқызуға болады. Эпидемиялық маусым басталғанға дейін аптасына алты күн жұмыс істедік, қазір – жеті күн істейміз. Өйткені келетіндер көп. Мұндай кезде учаскелік дәрігерге жазылу қиын. Ал бізде пациент бірден көмек ала алады. Біз ем жазып береміз, еңбекке жарамсыздық парағын (больничный) ашамыз немесе анықтама береміз. Адам қай емханаға тіркелгеніне қарамаймыз. Өзін жайсыз сезінсе, көмектесеміз, – деді Дархан Құлмахан.
Ауру кезінде не істемеу керек?
Координатор-дәрігер Наргиз Тоқсейітова ЖРВИ мен тұмауды емдеу кезінде ата-аналар жиі жіберетін қателерді айтып берді:
-
Баланың температурасы 38,5°C болса да, өзі белсенді болып, тамақ ішіп, су ішіп жүрсе, қызуды түсірудің қажеті жоқ. Температураны тек бала әлсіреп, тәбеті нашарлап кетсе ғана түсіру керек.
- Бала тұмауратқанда сыртқа шығармай қою және жуындырмау қате. Таза ауа зиян емес, керісінше пайдалы.
- Мұрын бітелсе, оны міндетті түрде жуу керек. Бұл құлақ қабынғанның алдын алады.
- Вирустық инфекция кезінде антибиотиктер көмектеспейді. Дәрігердің нұсқауынсыз антибиотик беру қауіпті және тиімсіз.
- Беродуалды және басқа ингаляциялық дәрілерді дәрігер айтса ғана, қолдану керек. Мөлшері дұрыс емес болса, баланың жағдайын нашарлатуы мүмкін.
- Баланың денесін спиртпен, қойдың майымен сылауға болмайды.
- Баланың қызуы көтеріліп тұрса, бірақ қол-аяғы жылы, денесі дірілдемесе, денесін жылы сумен сүртуге болады. Аяқ-қолы суық болса, мұны жасауға болмайды. Тамыр тарылып, дене тырысуы (судорога) мүмкін.
Әлсіз топқа кімдер жатады?
Жұқпалы аурулар өршіп тұрған кезде әлсіз топқа жасқа толмаған балаларды, аяғы ауыр әйелдерді мен қарт кісілерді жатқызамыз.
Тұмауға қарсы вакцинация жасау өте маңызды. Ол алты айдан асқан балаларға егіледі. Еметін балаларға төнетін қауіп көп. Өйткені олардың анатомиялық-физиологиялық ерекшеліктеріне байланысты ауру тез өршиді. Баланың дене қызуы 38°C-тан көп болса, әлсіздік, емшекті нашар ему сынды жағдайда жедел жәрдем шақыру немесе қабылдау бөлімшесіне бару қажет, – деді Наргиз Тоқсеитова.
Жүкті әйелдердің ЖРВИ немесе тұмаудың алғашқы белгілері мынадай: мұрын бітелуі, тамақ ауырсынуы, температура көтерілуі. Осындай белгілер болса, болашақ ана міндетті түрде дәрігеріне немесе тіркелген емханасына баруы керек. Фильтр-кабинеттерге де баруға болады. Өз бетінше емделуге тыйым салынады.
Контекст
Естеріңізге салайық, үлкен-кіші демейтін тұмауды қалай емдеу керек екенін жазған ежік.
Астанада ЖРВИ күрт өсті: бас санитар дәрігер қосымша шектеулер енгізді.
