Бейбарыс Қабылан таеквондодан Найробиде өтіп жатқан жастар арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Бұл туралы Қазақстанның ұлттық олимпиада комитеті хабарлап отыр.
Бейбарыс Қабылан 87 келі салмақта ел намысын қорғаған. Ол финалда Оңтүстік Корея спортшысы Ян Чжуненды сенімді жеңген.
Таеквондодан әлем чемпионы болған Бейбарыс Қабыланды Қасым-Жомарт Тоқаев та құттықтады. Құттықтау мәтінін «Ақорда» жариялады.
Бейбарыс Қабыланды таеквондодан әлем чемпионы атануымен құттықтаймын! Ол Кенияда өткен байрақты бәсекеде еліміздің мерейін үстем етіп, Қазақстан тарихында таеквондодан алғашқы алтын жүлдені жеңіп алды. Спортшының алар асуы, бағындырар биігі көп болуына тілектеспін, – делінген құттықтауда.
Бір айта кетерлігі, таеквондодан 21 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Әлем чемпионаты 6 желтоқсанға дейін жалғасады.
