Хайп және мемлекет: БАҚ қоғам назарын әдейі бұра ма?

Не болды?

27 қарашада Алматыда Қазақстандағы БАҚ нарығын дамыту мәселелері бойынша XVII дәстүрлі медиа құрылтай өтті. Құрылтай аясында бас қосқан журналистер «Хайп және мемлекет: қоғам назарын бұру саясаты шынымен де бар ма?» деген сұраққа жауап іздеді.

Мәлімет

Тұрсынбек Қабаттың ажырасуы, депутаттың көп әйел алуды заңдастыруды ұсынуы немесе тағы басқа. Бәріміз пікір жазатын тақырыптар анда-санда шығып тұратыны рас. Бұл хайп па, әлде өмірдің өзі сондай ма? Бәріміз жазмыштың ағысында келе жатырмыз ба, әлде жазмышты жағалаудан реттестіріп отырған өте мықты адамдар бар ма? Журналистер осы тақырыптарды талдады.

«Әр жайтты жеке қарастыру керек»

Қазақстандағы Азаттық радиосының журналисі Қасым Аманжол бұл сұрақтарға кесіп жауап беру қиын екенін айтады.

Кейбір тақырып арнайы саяси технологиялар арқылы билік тарапынан ұйымдастырылатынын сеземіз. Алайда «хайпты әдейі ұйымдастырдық» деген нақты мойындалған факті жоқ шығар. Айтса Қарақат пен Қыдырәлі секілді арада уақыт өткеннен кейін мойындап жатады. Түрлі тақырыпты билік тарапынан ұйымдастыру бұрыннан бар, болатын фактор. Алайда бұған дейін болған барлық шулы тақырыпты билік ұйымдастырды деп ойлмаймын. Әр жайтты жеке қарастыру керек, — деді Қасым Аманжол.

Қасым Аманжол
Фото: Ақерке Елемес/Baribar.kz

Оның айтуына қарағанда, кейбір тақырып әдейі ұйымдастырылмай-ақ қоғамды шулатуы, кей тақырып әдейі ұйымдастырылса да, қоғамға әсер етпей қалуы мүмкін. Алайда назар аударуға тиіс фактор хайптың қашан сәтті шығатыны емес. Керісінше, осы хайптың кесірінен сапалы журналистиканың тасада қалып қоюы.

Еліміздегі журналистика азаматтық институт ретінда толық қалыптасып үлгермей жатып, биліктің қолшоқпарына айналып кетіпті. Сол себепті өз миссиясынан, функцияларынан айырылып қалды. Сондықтан сапалы журналистиканың орнын жеңілтек дүниелер басып кетті.

Қасым Аманжол кейінгі кезде әлеуметтік желі бұл жағдайды ушықтырып жіберген. Түрлі әнші, сайқымазақтың өмірін қоғамға көрсете беріп, қаза беріп, қоғамды осыған үйретіп тастағанын да айтып отыр.

Қазір адамдар маңызды мәселеге бас ауыртпайтын болды. Салмақты тақырып көтеретін медиа өкілі ретінде бұлай деуге құқым бар деп ойлаймын. Апта, тіпті күн сайын маңызды материалдар жазып отырамыз. Алайда жеңіл тақырыптар маңызды оқиғалардың орнын басып кетіп жатыр. Бір ғана мысал айтайын. Салық кодексіндегі өзгерістер мен Тұрсынбектің әйелінің тақырыбының талқылануы жер мен көктей болды. Ал қоғамға сырт көзбен қарасақ, қайсы маңызды? Қосымша құн салығының, одан келетін салдар маңызды ма? Әлде бір әншінің жеке өміріндегі мәселе ме? Екеуінің қайсы сіздің отбасылық жағдайыңызға, яғни бюджетіңізге әсер етеді? — деді Қазақстандағы Азаттық радиосының өкілі Қасым Аманжолов.

Қасым Аманжолов сөзін өзін сыйлайтын журналист «мен мына тақырыпты жазамын, мынаны жазбаймын» деп шекара қоюы керек деп қорытындылады.

«Елдің бәрі «бұл сенің деңгейің емес» деп көп жазды»

Журналист Жанар Байсеміз де осы тақырыпқа пікір айтты.

Жанар Байсеміз
Фото: Ақерке Елемес/Baribar.kz

Қасым Аманжол айтқандай мен өзімді сапалы журналистикамен айналысатын журналист деп санайтынмын. Алайда салық кодексі мен Мөлдір Мұқанның (Тұрынбек Қабаттың әйелі — ред.) мәселесін салыстыруға келмейтін шығар. Бәлкім менікі қате шығар, бірақ мына жерде көтергеніміз — отбасылық мәселе, адамдар арасындағы қарым-қатынас. Мемлекет көп отбасыдан құралады. Әрі олардың басынан өткерген жайт басқа ерлі-зайыпты арасында да болуы мүмкін. Адалдық тақырыбы қоғамға дәл сол кезде шыққасын, танымал адамның атымен жарқырап шықққасын қатты таралып кетті. Шыны керек, бұл подкаст сонша рет қаралады деп ойлаған жоқпын. Елдің бәрі «бұл сенің деңгейің емес», «Жанар Байсеміз қайраткер журналист еді, осындай деңгейге түсіп кетті» деп көп жазды. Жалпы, деңгейді кім анықтайды? Біз неге бір адамның деңгейін екіншісінен көтереміз немесе түсіреміз? Қоғамда рухани тақырыптар, маңызды тақырыптар бұл подкастқа дейін де, кейін де қозғалып жатыр. Неге біздің БАҚ соларды кеңінен насихаттамайды? — деді «Шетелдегі қазақ балалары» жобасы және «Байсеміз live» YouTube арнасының авторы Жанар Байсеміз.

Оның сөзіне қарасақ, Жанар Байсеміз хайп дегеннің не екенін білмейді және еш уақытта оны көксеп жұмыс істемеген.

«Қоғам жеңілді»

Самал Ибраева — Ulysmedia.kz бас редакторы және негізін қалаушы, National Business Kazakhstan ұйымының құрылтайшысы және жетекшісі. Оның айтуынша, біздің қоғамымыз салық туралы жарлық талқыламғандықтан, жеңілді.

Бүгін таңертең ғана «Лондондағы фермерлер салық реформасына қарсы шеруге шықты» деген жаңалық көрдім. Қарап отырып, «әттеген-ай» дедім. Біздің ондай наразылық жасамақ түгілі қарсы пікір айтатындай амалымыз қалмады ғой. Елімізде салық туралы кодекс ақпанда жарияланды. Одан кейін Перизаттың (Перизат Қайрат — ред.) соты дедік, Қайратқа (Қайрат Нұртас — ред.) бірдеңе болады, Төреғалиға (Төреғали Төреәлі — ред.) бірдеңе болады, «картоп жарып» Мөлдір (Мұқан — ред.) шықты. Ал салыққа қатысты материалдар сонша рет қаралмайды. Осы отырғанда қоғам жеңілді деп санаймын. Өйткені құн салығы 16% болады деген өте қымбат. Салдарын келер жылы көреміз, — дейді Самал Ибраева.

Оның айтуынша, қоғам, бизнес, тіпті медиа өкілдері болып, бұл мәселеге тойтарыс бере алар едік. Өкінішке қарай, қоғамның назары әр жаққа ауып жүргенде бұл мүмкін емес.

Жақында салық мәселесі Threds-те қайта көтеріле бастап еді, сол тұста Мөлдір шықты. Біз Мөлдірдің билікте отырған саяси технологтармен өте жақын байланыста екенін жақсы білеміз ғой. Оның да басы екеу емес, қоғамға шығып сын еститін. Қаңтар оқиғасынан кейін медиа, бизнес, кәсіпкерлердің жүріп-тұрғаны, ақша аударымдар, банк шоттары қатаң бақыланып тұр. Әрине, билікте отырған адам болсам мен де бұның бәрін қатаң бақылайтын едім. Айтпағым, қазір біздің қоғамда көтерілетін шу мен басқа да дүниелердің бәрін мемлекет бақылап отыр, — деді журналист.

Қоғамның назарын аудару мемлекетке пайдалы ма, зиян ба?

Jas Qazaq интернет-газетінің бас редакторы Срайыл Смайыл бұл сұраққа «рейтиң мәселесі ғой» деп жауап берді. Материал көп қаралған сайын сол жерге ақша да келеді.

68b9d8c3814626b8e541fc58b854b7fd Хайп және мемлекет: БАҚ қоғам назарын әдейі бұра ма?
Фото: Ақерке Елемес/Baribar.kz

Қасым айтқандай, сапалы журналистика тасада қалып кетіп жатыр. Кезінде Түркияда тәжірибеден өткен едім. Сол кезде редакторым «Түркия газеттерін оқуға күніне 15 минут уақытымды, батыс басылымдарын оқуға екі-үш сағатымда арнаймын» деп еді. Бізден де арзан тақырыптарды емес, сапалы дүние жазуды талап ететін. Оның себебін сұрағанда «мен Түркияда ойлы журналистиканың болғанын қалаймын» деп жауап беретін. Осы жағдай айналып бізге келді. Әлеуметтік желі дәстүрлі медианы ығыстыруға сәл қалды. Алайда біз берілмеуіміз керек. Ойлы сөздер қашан да қоғамның дұрыс, терең пікірін қалыптастыру үшін болғаны абзал, — деді Срайыл Смайыл.

Оның ойынша, мемлекет «шулы тақырыптарды тапсырысқа жасатады» деу қисынға келмейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да