Абай облысында қоғамдық жұмыстарға бөлінген қаражатты жымқырған ауылдық округтің бұрынғы әкімін сот үкімімен бас бостандығынан айырды.
Бұл туралы бас прокуратура хабарлап отыр.
Үржар ауданы прокуратурасының тексерісі нәтижесінде бұрынғы әкімнің қоғамдық жұмысқа арналған 500 мың теңгеден астам бюджет қаржысын жымқырғаны анықталған.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркеліп, материалдар тиісті процестік шешім қабылдау үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментіне жіберілген. Сот үкімімен бұрынғы әкім қылмыстық кодекстің 190-бабы (алаяқтық) бойынша кінәлі деп танылып, үш жыл алты ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сонымен бірге ол мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды, — делінген хабарламада.
Прокуратураның мәліметінше, мемлекетке келтірілген залал толық өтелген. Үкім заңды күшіне енді.
