БҚО делегациясы Кореяға іссапармен барып, бірнеше инвестициялық жобаны талқылады

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев бастаған делегация Корея Республикасына жұмыс сапарымен барып, екіжақты экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған бірқатар кездесу өткізді.

Сапар Қазақстан Республикасының Кореядағы елшілігінде кореялық бизнес өкілдерімен ұйымдастырылған жиыннан басталды. Кездесуде Нариман Төреғалиев өңірдің географиялық артықшылықтарын атап өтіп, БҚО Ресейдің бес облысымен шектесетінін және транзиттік әлеуеті жоғары екенін айтты. Сонымен қатар шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай жасалғанына тоқталды.

Корея инвесторларымен бірнеше бағыт бойынша жұмыс басталды. Бұл сапар – нақты жобаларды талқылап, облыстың мүмкіндіктерін таныстыруға үлкен мүмкіндік, – деді аймақ басшысы.

Кездесуге Кореяның ірі компаниялары – DL Co., Ltd. (DL GFRP), Daocle1, Manseung Energy, Global Defense және басқа да фирмалар қатысты. Тараптар өнеркәсіп, қайта өңдеу, ауыл шаруашылығы, экология, денсаулық сақтау және инвестициялық жобалар бойынша ұсыныстарды талқылады.

Делегация құрамында БҚО-ның бірнеше басқарма басшылары, Aqjaiyq ӘКК өкілдері және өңір кәсіпкерлері болды.

Сапар нәтижесінде Кореямен экономикалық және технологиялық серіктестікті нығайтуға жаңа серпін беріледі деп күтіліп жатыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да