Алматыдағы Республика сарайында Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының 90 жылдық мерейтойына арналған гала-концерт өтті.
Концерт алдында қонақтар, өнер қайраткерлері мен көрермендер назарына Алматы қаласы музейлер бірлестігі және ҚР ұлттық музейі дайындаған филармония шежіресі мен Нұрғиса Тілендиевтің өмірі мен шығармашылығына арналған көрме ұсынылды.
Мерекелік концертке арнайы қатысқан Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов Қасым-Жомарт Тоқаевтың филармония ұжымына арналған құттықтауын оқып берді. Президент құттықтауында филармонияның ұлттық музыка өнерін дамытудағы зор рөлін атап өтті:
Ахмет Жұбанов негізін қалаған бұл қарашаңырақ қазақтың ән-күйін әлемге танытып, ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосты, – делінген хатта.

Филармония мерейтойына ҚР премьер-министрі Олжас Бектенов, мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов, ҚР мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева және бірнеше облыс әкімдері де құттықтау хат жолдады.
Гала-концертте филармонияның барлық шығармашылық ұжымы өнер көрсетіп, ұлттық музыка мен заманауи классиканың үйлесімі ұсынылды. Көрермендер Нұрғиса Тілендиев, Мұқан Төлебаев, Еркеғали Рахмадиев, Тілес Қажғалиев сынды қазақ композиторларының туындыларымен қатар Бетховен, Римский-Корсаков, Вивальди, Сарасате секілді әлемдік классиктердің шығармаларын тыңдады.

Іс-шара соңында филармония ұжымдарына ҚР мәдениет және ақпарат министрлігі мен Алматы әкімдігі атынан арнайы гүл шоқтары табысталып, өнер майталмандарына құрмет көрсетілді.
Жамбыл атындағы филармонияның 90 жылдық мерейтойы — қазақ музыка өнерінің тарихы мен дәстүрін дәріптеген айрықша мәдени оқиға ретінде есте қалды.
