Алматыда Жамбыл атындағы филармонияның 90 жылдығына арналған гала-концерт өтеді

Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының 90 жылдығына арналған салтанатты гала-концерт өтеді.

Бұл туралы филармонияның баспасөз қызметі хабарлап отыр.

20 қараша күні, сағат 19:00-де Республика сарайының сахнасында Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының 90 жылдық мерейтойына арналған ауқымды гала-концерт өтеді. Бұл кеш қазақ музыкасының көпқырлы мұрасын, филармония ұжымдарының жоғары кәсіби деңгейін паш ететін ерекше мәдени оқиға болады.

Кеш басталмас бұрын филармония ардагерлері Қызыл кілем арқылы салтанатты түрде жүріп өтіп, арнайы фотосессия ұйымдастырылады. Сонымен қатар Алматы қаласы музейлер бірлестігі мен Қазақстан Республикасының ұлттық орталық музейі филармония шежіресі мен Нұрғиса Тілендиевтің өмірі мен шығармашылығына арналған көрме ұсынады. Көрермендер тарихи фотосуреттер мен сирек материалдар арқылы филармонияның 90 жылдық жолымен жақын таныса алады.

Гала-кеш сахнасында филармонияның барлық шығармашылық ұжымдары өнер көрсетеді. Олардың қатарында:

  • Н.Тілендиев атындағы фольклорлы-этнографиялық академиялық «Отырар сазы» оркестрі;
  • Т.Әбдірашев атындағы мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі;
  • ҚР үрмелі аспаптар оркестрі;
  • Б.Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласы;
  • Мемлекеттік классикалық гитаристер квинтеті;
  • Ғазиза Жұбанова атындағы мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті;
  • Мемлекеттік қарағайлы-үрмелі аспаптар квинтеті.

Сонымен қатар белгілі солистер, домбырашылар мен пианистердің өнері кеш ажарын аша түседі.

Бағдарламада қазақ және әлемдік классикасының інжу-маржандары ұсынылады. Көрермендер Нұрғиса Тілендиевтің «Махамбет», «Аққу» күйлері мен «Өз елім», «Құстар әні», «О, туған жер» әндерін, Абайдың «Айттым сәлем Қаламқас» шығармасын тыңдай алады. Сонымен қатар М.Төлебаевтың «Біржан–Сара» операсындағы Мерекелік би, Бетховеннің 9-шы симфониясынан үзінді орындалады. Домбырашылардың «Баламишка», «Әлқисса» күй тартысы мен екі фортепианоға арналған күрделі туындылар кештің көркемдік деңгейін арттыра түседі.

Филармонияның 90 жылдық мерейтойына арналған бұл гала-концерт ұлттық өнердің асқақтығын айқындап, көрерменге ұмытылмас әсер сыйлайтын мәдени оқиға болады.