Астанада туған күннен кейін жоғалып кеткен 10 жастағы қыз табылды

Астанада туған күнге барғаннан кейін жоғалып кеткен 10 жастағы жеткіншек табылды. Бұл туралы қалалық полиция департаменті хабарлап отыр.

22 қарашада полицияға қыздың жоғалғаны туралы ақпарат түскен.

Ол туған күнін атап өткен соң топтан бөлініп, белгісіз бағытқа кетіп қалған. Жоғалған баланы іздеуге мыңнан астам астаналық шықты. Ауқымды іздеу шаралары ұйымдастырылды, — делінген ақпаратта.

Іздеуге еріктілер, тұрғындар, ұлттық ұлан жауынгерлері және полиция гарнизонының барлық жеке құрамы жұмылдырылды. Суық ауа райына байланысты баланың жүруі мүмкін аумақтарды тезірек қамту үшін қосымша күштер тартылды.

Қызды қалалық автобустың кондукторы көріп, полицияға хабарлаған. Нәтижесінде жеткіншек аман-есен табылып, ата-анасына қайтарылды.

Полиция мәліметінше, жыл басынан бері Астанада балалардың жоғалуына қатысты 2,5 мыңға жуық өтініш тіркелген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да