Не болды?
2025 жылғы 18 қарашада Алматыда Баум тоғайын сақтап қалуға арналған баспасөз кездесуі өтті. Кездесуге қала тұрғындары қатысты.
Тоғай — саябақ емес, орман
Баум тоғайы ресми түрде орман деп аталады. Демек, кез келген құрылыс және абаттандыру жұмыстарына (жиектас төсеу, ойын алаңдарын салу, инженерлік желілер тарту және т.б.) заң арқылы тыйым салынады. Бұл — Алматы қаласындағы жалғыз табиғи орман. Мұнда тиін, қырғауыл және ондаған құс түрі мекендейді. Демек, бұл — тірі, өзін-өзі реттейтін табиғи организм.
Менің балалық шағым Баум тоғайының маңында өтті. Сол үшін де оның тағдыры мен үшін аса маңызды. Кейінгі айда тоғай аумағында құрылыс салынып жатыр. Жарық кабельдері тартылып, автосуару жүйесі орнатылып, арық құбырлары төселіп жатыр. Жұмыста қолданылатын ауыр техника ағаштардың тамырына кесірін тигізіп, құнарлы топырақ қабатын бұзып, жануарларды үркітіп жатыр. Бұл әрекеттер табиғи ескерткіштерді бұзуға тыйым салатын ҚР заңдарына қайшы келеді. Сол үшін де біз құрылысқа жауапты барлық азамат пен биліктегілер табиғатқа қауіпсіз, тұрғындардың пікіріне құлақ аса отырып, тезірек шешім қабылдаса дейміз, — деді осы аймақтың тұрғыны Жазира Шарафова.
«Заңды бұзып, саябаққа айналдырмақшы»
Экобелсенді Салтанат Тәшімованың сөзіне қарағанда, Баум тоғайы аумағына саябақ, демалу орны, балалар ойын алаңы, рельефті саябақ, велосипед тебуге, ролик, скейтбордпен сырғанауға арналған алаң, спорт алаңдары, пикник алаңын салу жоспарланып отыр екен. Оның айтуынша, ресми жарияланған қоғамдық кеңес бейнежазбасына қарасақ, кеңеске үш миллион тұрғыны бар қаладан тек үш адам қатысқан.

Айтпақшы, сол бейнежазбадағы үш адамды тіпті жергілікті тұрғындар да танымайды екен. Біздің ойымызша, ол адамдар жай ғана актер болуы да ғажап емес. Біз ұйымдастырушылардан сол адамдардың байланыс нөмірлерін сұрадық. Алайда бүгінге дейін олардың нөмірін де, жалпы сол қоғамдық кеңес туралы да түсінікті ақпарат ала алмадық. тоғайдың бар аумағына нақты саны әлі де белгісіз электр жарығы мен 128 бейнебақылау камерасын орнату жоспарланып отыр екен. «Осыншама камера мен жарықтың не керегі бар?» деген сұрақ туындап отыр. Орманды толық жарықтандыру міндетті емес, өйткені бұл құстардың табиғи биоырғағын бұзады. Қауіпсіздік үшін камера мен жарықты кіреберістер мен адамдар өтетін соқпақтар маңына қойса, сол жеткілікті, — дейді Салтанат Тәшімова.
Азаматтар не талап етіп отыр?
- Тұрғындар Баум тоғайы аумағындағы барлық құрылысты деру тоқтатуды;
- ғалымдар, экологтар және жұртшылық қатысқан тәуелсіз экологиялық және құқықтық сараптама жүргізуді;
- абаттандыру жөніндегі заңсыз шешімдерді жоюды және табиғи ландщафты қалпына келтіруді;
- кабель желілерін, жарық тіректерін, арықтарды және құбырларды алып тастауды;
- табиғатты қорғау заңнамасын бұзуға жол берген барлық тұлғаны жауапкершілікке тартуды талап етіп отыр.
Жаңарту мен абаттандыру жою деген сөз емес
Тұрғындардың сөзіне қарағанда, Баум тоғайын «жаңғыртудың» орнына ұқыпты күтіп, ғылыми негізге сүйеніп, қалпына келтіру қажет. Ғылыми қорытындылар негізінде санитарлық тазалау, топырақ пен өсімдік жамылғысын қалпына келтіру, зиянкестерден қорғау жұмыстарын ұйымдастыру қажет.
Тұрғындар жасалатын жұмысқа қарсы емес. Тек жұмысқа жауапты тұғалар мен биліктегілер табиғатқа зиян келтірмегенін, тұрғындармен ақылдасқанын, алдымен сол маңда тұратын, содан кейін Баум тоғайына баратын азаматтармен кеңескенін қалайды.
