Президент Ауыл шаруашылығы өнімдерінің форумында сөйлеген сөзінде үкімет биыл аймақтарды дамыту жөнінде арнайы тұжырымдама қабылдағанын айтты.
Бұл туралы Ақорда хабарлап отыр.
Құжат бойынша аудан әкімдерінің өкілеті кеңейіп, олар енді өз ауданының даму жоспарын дербес әзірлеп, іске асыра алады.
Мемлекет басшысы табысқа жеткен кәсіпкерлерді туған ауыл-аймағының дамуына үлес қосуға шақырды.
Ауыл шаруашылығы дамыса, ауылдардың жағдайы жақсарады. Үкімет инфрақұрылымды жаңғырту, ауылға білікті мамандар тарту сияқты көптеген жобаны жүзеге асырып жатыр, – деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, 2019 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауыл инфрақұрылымын жақсартуға 700 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Ел бойынша 2,5 мыңнан аса елді мекенде жұмыстар жүргізілді. Ал «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 600-ден астам бірлестік құрылған.
Оның айтуынша, жаңа тұжырымдама аймақтардың даму тиімділігін арттырып, аудан басшыларының жауапкершілігін күшейтеді.
