Ақтаудағы жатақхана жылу желісіне қосылмаған

Ақтауда жылу желілеріне күрделі жөндеу жүргізілген соң, студенттік жатақхана жылусыз қалды. Жатақханада 60-қа жуық студент тұрады.

Бұл туралы Lada.kz хабарлап отыр.

Мердігер ұйым жылу желісін қайта қоспаған.

Жатақхана директоры Баян Атшабарқызының айтуынша, шенеуніктер жылуды қосу үшін ақша төлеу керек екенін айтқан.

Табиғи монополиялар туралы заңда тұтынушылар инфрақұрылымға тең қол жеткізуге тиіс деп жазылған. Бірақ бізге қосымша қаржысыз жылу бермей отыр, – деді ол.

Ғимаратты қайта қосуға 8–10 миллион теңге қажет, бірақ мекеменің айлық табысы бар болғаны 2 миллион теңге, ол жалақы мен коммуналдық төлемдерге кетеді.

Ал облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Нұрсұлтан Болатов мұндай нысандарды жеке коммерциялық деп атап, олар жылуды өз қаражатына қосуы тиіс екенін айтты.

Біз тек әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді тегін қосамыз, – деді ол.

Қалада осындай 20-ға жуық нысан жылуға әлі қосылмаған.