Түркияда қазақ монеталарының көрмесі өтті

Не болды?

15 қараша күні Анкарада Қазақстандағы Ұлттық валюта күні аясында еліміздің тарихи және айналымдағы монеталарына арналған көрме өтті.

Мәлімет

Іс-шараны «Көк Ту» қазақ мәдениеті ұйымы мен Қазақстан елшілігі бірлесіп өткізген. Көрмеге Түркия монета сарайының бөлім басшысы Яшар Чукур, әділет және даму партиясының өкілі Жемиле Кынаджы Баран, түрік коллекционерлері, қазақ диаспорасының мүшелері мен студенттер қатысты. Сарапшылардың айтуына қарағанда, Қазақстан мен Түркияның ақша жасау технологиялары мен дизайны да ұқсайды.

Сіздердің монетаңызда діни адамдар, мемлекет қайраткерлері мен ғалымдар бейнеленген. Бізде де солай. Монета басу тәсілдері бірдей, айырмашылық тек ою-өрнекте болып тұр, — деді Яшар Чукур.

Ал Жемиле Кынаджы Баран түркі халықтарының ортақ тарихына тоқталып, «теңге» атауы көне түркілердің «денге» немесе «танга» күміс ақшаларынан шыққанын айтып өтті.

Естеріңізге салайық, 2025 жылғы қазанда теңге бағамы 3,5% нығайған еді.