Ақтөбе облысындағы ең ірі су қоймасы күрделі жөндеу жүргізіледі. Бұл туралы су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлап отыр.
Тиісті ведомстволар Қарғалы су қоймасын реконструкциялау жобасына арналған жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді бастады.
Жоба 2026 жылы мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін құрылыс-монтаж жұмыстары басталады деп жоспарланып отыр. Ал жобалау жұмыстары келесі жылдың көктемінде аяқталады.
Реконструкция аясында су қоймасының ескірген барлық механизмі толық ауыстырылып, гидротехникалық нысандарға энергиямен қамтамасыз ету мақсатында шағын су электр станциясы орнатылады. Артық энергия жергілікті кәсіпорындар мен елді мекендерді қамтамасыз етуге бағытталады.
Бұл жоба Ақтөбе облысындағы үш ірі су қоймасын жаңғырту бойынша кешенді жұмысты аяқтайды. Былтыр Ілек өзеніндегі Ақтөбе су қоймасы 36 жылдан кейін алғаш рет жөндеуден өтті, ал Сазды су қоймасының күрделі жөндеуі аяқталуға жақын. Қарғалы су қоймасында қазіргі кезде кіреберіс жол төселіп, бөгеттің беті бетондалып жатыр, жарық шамдары ауыстырылып, қосымша бейнебақылау камералары орнатылып жатыр. Бұл жұмыстар қараша айының соңына дейін аяқталады, — деді «Қазсушар» РМК Ақтөбе филиалының директоры Ринат Шауенов.
Айта кетейік, Қарғалы су қоймасы 1975 жылы пайдалануға берілген, оның жалпы сыйымдылығы 280 миллион текше метр суды құрайды.
