Не болды?
2019 жылғы 27 желтоқсанда Алматы – Астана (сол кездегі Нұр-Сұлтан — ред.) бағыты бойынша ұшып шыққан әуе кемесі жерден көтеріле сала апатқа ұшырады. Сот бұл апатқа әуе кемесінің командирі мен екінші ұшқыш кінәлі деген үкім шығарды. Бұл туралы Алматы соттары хабарлап отыр.
Мәлімет
Бортта 98 адам болған: 93 жолаушы және бес экипаж мүшесі. Апаттан 11 жолаушы мен әуе кемесінің командирі қаза тапқан. Кейіннен екінші ұшқыш та қайтыс болды. Жалпы, 13 адам көз жұмған.
53 жолаушы әртүрлі ауырлықтағы жарақат алған. 21 адам сот-медициналық сараптамадан өтуден бас тартқан.
Апаттың себебі
Алматы қаласының Түрксіб аудандық сотының хабарлауынша, апаттың себебі — ұшақ қанаттарында жиылған қар мен мұз қабаты. Бұл әуе кемесі ұшқанда көтергіш күші азаюына, сөйтіп әуежай аумағынан тыс нысандарға соғысуына әкелген.
Тергеу кезінде ұшқыштардың ұшу ережелерін 11 рет бұзғаны анықталды. Атап айтқанда, олар ұшуға дейін қажетінше тексермеген, қанаттарға мұз қатқанын байқамаған және мұздануға қарсы өңдеу жүргізу туралы шешім қабылдамаған, — делінген Алматы соттары хабарламасында.
Сот мәліметіне қарағанда, ұшқан кезде ұшақтың көтерілу бұрышы мен бағытын сақтау талаптары бұзылған. Бұл жағдайда ұшу тоқтатылуы қажет еді. Осындай қате мен әуе кемесінің командирі мен екінші ұшқыштың әрекетсіздігі апатқа әкеліп соққан.
Сот әуе кемесінің командирі мен екінші ұшқыш Қылмыстық кодекстің 344-бабының (Темiржол, әуе, теңіз немесе өзен көлiгi жүрісі немесе оларды пайдалану қауiпсiздiгi қағидаларын бұзу) 3-бөлігінде көзделген «Абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет» қылмысын жасағаны үшін кінәлі деген үкім шығарды. Алайда олар қайтыс болғандықтан, жаза тағайындалмады.
Контекст
2019 жылы құлаған Bek Air ұшағы апаты қайта тергелетіні хабарланған еді.
Апатқа ұшыраған Bek Air ұшағының екінші ұшқышы да қаза болды.
Bek Air басшысы апаттан соң неге түсінік бермегенін айтқан.
