Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (ЕҰУ) беделді QS World University Rankings: Asia 2026 аймақтық рейтиңінде 61-орынға көтерілді.
Өткен жылы университет 65-орында болған еді. Осылайша ЕҰУ өз позициясын жақсартып, Азиядағы 1 526 жоғары оқу орны арасында абыройын арттырды.
Биыл бұл рейтиңге 44 қазақстандық университет енді.
ЕҰУ «Жұмыс берушілер арасындағы бедел» көрсеткіші бойынша Азияда 26-орынға ие болды. Бұл түлектердің жоғары даярлық деңгейін және еңбек нарығындағы сұранысын көрсетеді.
Сонымен қатар университет «Оқытушылар мен студенттер арақатынасы» және «Шетелдік оқытушылардың үлесі» көрсеткіштері бойынша топ-50 қатарына енді.
ЕҰУ халықаралық ынтымақтастық пен студенттік мобильділік саласында да айтарлықтай жетістікке жетті:
-
«Шетелге оқуға кететін студенттердің үлесі» – 90 позицияға көтерілді;
-
«Шетелден оқуға келетін студенттердің үлесі» – 39 позицияға өсті;
-
«Шетелдік студенттердің үлесі» – 33 позицияға жақсарды.
Университеттің стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Думан Айтмағамбетов бұл жетістікті университеттің білім сапасы мен ғылыми әлеуетін арттырудағы жүйелі еңбектің нәтижесі екенін атап өтті.
Сонымен бірге ЕҰУ «Халықаралық ғылыми коллаборациялар индексі», «Бір жарияланымға шаққандағы дәйексөздер саны» және «Бір оқытушыға шаққандағы жарияланымдар саны» көрсеткіштері бойынша да оң нәтижеге қол жеткізді.
