Танымал продюсер Мөлдір Мұқанова 500 мың теңгеден астам айыппұл арқалады. Бұл туралы туризм және спорт министрлігінің ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті хабарлап отыр.
Комитеттің мәліметінше, Мөлдір Мұқанова «Лотерея операторы емес тұлғаның лотерея өткізуі» бабы бойынша (ҚР ӘҚБтК 445-1-бабы, 6-бөлігі) 150 АЕК, яғни 589 800 теңге айыппұл төлеуге міндеттелген.
Министрлік 2025 жылы лотерея және лотерея қызметі туралы заңнаманы бұзған тұлғалардың тізімін жариялаған. Тізімде Мөлдір Мұқановамен қатар бірнеше танымал тұлға бар.
Ведомствоның мәліметінше, жыл басынан бері заңсыз ұтыс ойындарын ұйымдастырған 89 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған, ал айыппұлдардың жалпы сомасы шамамен 40 миллион теңге болды.
Мониторинг және азаматтардан түскен өтініштер негізінде заңсыз ұтыс ойындары анықталды. Мұндай әрекеттерге жол бермеу үшін ескерту хаттары жолданып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді, — делінген хабарламада.
