Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, елде ғылымды дамытуға 2023 жылы 158,6 миллиард теңге, 2024 жылы 244,2 миллиард теңге, 2025 жылы 240,2 миллиард теңге бөлінген.
Қазақстанда ғылымды дамыту және ғалымдарды қолдау бойынша оң өзгеріс байқалады. Бұл пікірді саяси ғылымдар докторы Гүлмира Сұлтанбаева да құптап отыр. Дегенмен ол ғылымды дамыту үшін жүйелі қадамдар қажет екенін айтады.
Қаржыландырудың ұлғаюы, жас ғалымдарға арналған гранттар және әлеуметтік қолдау шаралары – маңызды қадамдар. Алайда ғылыми-техникалық кадрлар тапшылығын жою, ғылыми нәтижелерді өндіріске енгізу және ғылымның қоғамдағы беделін тұрақты түрде арттыру жұмыстарын одан әрі күшейту қажет, — дейді профессор.

Ол ғылыми зерттеулер нәтижесін өндіріске енгізу, коммерцияландыру және отандық ғалымдардың жұмысын экономикалық тұрғыдан ілгерілету жұмысының әлі де олқы тұсы бар екенін айтады. Дегенмен профессордың пікірінше, мемлекеттен бөлінген қаржы ғалымдарға демеу болып, жаңа серпін беріп жатыр.
Ғылыми ұйымдар қызметкерлерінің лауазым жалақысы кезең-кезеңімен ұлғайтып жатыр. Ғылыми дәрежелер (ғылым кандидаты, PhD) үшін қосымша үстемеақы мөлшері артты. Фундаментал және қолданбалы зерттеулерге арналған мемлекеттік грант және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру көлемі артып келеді. Инновациялық инфрақұрылымды қолдау және венчурлік қаржыландыруды тарту үшін Ғылым қорының мәртебесі кеңейді. Жас ғалымдарға арналған жеңілдетілген ипотека бағдарламалары іске асып жатыр. Ғылыми қызметтің тиімділігін арттыруға және сатып алу рәсімін жеңілдетуге бағытталған заңдар қабылданды, — дейді Гүлмира Сұлтанбаева.
Шетелдегі ғылыми тағылымдама санының артуы да ғалымдардың білігін арттыруға және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік беріп отыр.
