Мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысы 3 жылда екі есе өсті

Мәдениет және ақпарат министрлігі шығармашылық ұйымдарды дамыту, инфрақұрылымды жаңарту және мәдениеттің қоғамдағы рөлін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Кейінгі бес жылда мәдени ұйымдардың мәртебесін көтеру және қолдау бойынша маңызды қадамдар жасалды. 2020 жылы бес республикалық мекеме «Ұлттық» мәртебесіне ие болса, 2023 жылы Ақтөбе мен Түркістан облыстарындағы 34 ұжымға «Халықтық» және «Үлгілі» атақтар берілді. Ал 2024 жылы Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі мен ҚР Орталық мемлекеттік музейіне «Ұлттық» мәртебесі берілді. Сонымен қатар Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы мен Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» ұйымы «Академиялық» атаққа ие болды.

Мәдени инфрақұрылымды жаңғырту қарқыны да артып келеді. 2020 жылдан бері елде үш жаңа театр ашылды: Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры, Түркістан музыкалық драма театры және Сәбит Мұқанов атындағы сазды-драма театры. Сонымен қатар Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры, Мұхтар Әуезов атындағы және Наталия Сац атындағы театрлар ғимараттарына күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр.

2023 жылы кейінгі 30 жылда алғаш рет республикалық бюджеттен концерттік және оқу орындарына музыкалық аспаптар сатып алуға 1 миллиард теңге бөлінді. Бұл жас музыканттардың кәсіби дамуына серпін берді.

Мәдени мұраны сақтау саласында да жаңалықтар бар. ЮНЕСКО тізіміне ұсыну үшін «Жібек жолы: Ферғана–Сырдария дәлізі» және «Маңғыстаудың жерасты мешіттері» нысандары бойынша досьелер дайындалды. Сонымен қатар Түркістанда Қожа Ахмет Ясауи мұрасын зерттеу орталығы құрылып, «Ордабасы» мен «Гаухар-Ана» визит-орталықтары пайдалануға берілді.

Мәдениет қызметкерлерін қолдау шаралары жалғасып жатыр. 2023 жылы «Халық әртісі» құрметті атағы қайта тағайындалып, сегіз мәдениет қайраткеріне берілді. Сала қызметкерлерінің жалақысы 2022–2025 жылдары екі есе өсті.

2025 жылға қарай ел бойынша 51 жаңа мәдени нысанның құрылысы және 250 ғимаратты жөндеу жоспарланып отыр.