Қазақстан тауық жұмыртқасын әкелуге уақытша тыйым салуы мүмкін

Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігі елге тауық жұмыртқасын әкелуге бір ай мерзімге тыйым салуды көздеп отыр.

Тиісті бұйрық жобасы «Ашық нормативтік-құқықтық актілер» порталында жарияланды.

Құжат бойынша, тыйым барлық көлік түрімен үшінші елдерден және Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінен Қазақстан Республикасының аумағына тауық жұмыртқасын әкелуге қолданылады. Министрлік бұл шараның негізгі мақсаты — отандық өндірушілерді қолдау және ішкі нарықты қорғау екенін атап өтті.

Бұйрық жобасында Қазақстан Республикасына үшінші елдерден және Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен барлық көлік түрімен тауық жұмыртқасын әкелуге бір айға тыйым салу көзделген, – делінген ресми құжатта.

Сонымен қатар тыйым Қазақстан аумағы арқылы транзитпен өтетін немесе ЕАЭО-ға мүше мемлекеттен басқа одаққа мүше елге бағытталған тасымалдарға қолданылмайды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл бастама ішкі нарықтағы баға тұрақтылығын қамтамасыз етіп, жергілікті құс фабрикаларының жұмысын қолдауға бағытталғанын мәлімдеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да