Варшавада өтіп жатқан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Адами өлшем жөніндегі конференциясында Қазақстан атынан Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсының жетекшісі Динара Есимова өз көзқарасын білдіріп, әлеуметтік қызмет саласындағы ел тәжірибесін таныстырды.
Динара Есимованың айтуынша, конференция адам құқықтарын қорғау және әлеуметтік инклюзия тақырыптарына арналды.
Бұл конференция адам құқықтарын қорғаудың түрлі мәселелеріне арналған. Әлеуметтік жұмыс саласының өкілі ретінде мен үшін әрбір сессия әлеуметтік мандатпен тікелей үндес болды, — деді ол.
Ол сонымен қатар әлеуметтік ғылымдар саласында жоғары білімге ие мамандардың саны артқанын атап өтті.
Бүгін ЕҚЫҰ алаңында көптеген спикерлердің PhD немесе әлеуметтік ғылымдар бойынша магистр дәрежесі бар екенін көрдім. Бұл – әлеуметтік инклюзияның қазіргі таңда қаншалықты өзекті екенін көрсетеді, — деді Динара Есимова.
Есимованың сөзіне қарағанда, форум аясында түрлі елдердің әлеуметтік қызмет жүйелеріндегі үздік тәжірибелер талқыланған.
Қазақстанда бастапқы медициналық-санитарлық көмектің (МСАК) және емханалар базасындағы әлеуметтік қызметтің ерекше тәжірибесі бар. Мұндай мүмкіндік барлық елдерде бола бермейді, сондықтан оны бөлісу маңызды, — деді ол.
Сонымен қатар Динара Есимова өз елінде де әлеуметтік бастамаларға қолдау бар екенін атап өтті.
Мен ҚР Сыртқы істер министрлігіндегі консультативтік-кеңесші органның мүшесімін. Бұл алаң бізге министрліктермен тікелей байланысып, өз ұсыныстарымызды жеткізуге мүмкіндік береді. ЕҚЫҰ-дағы тәжірибе осы жұмысты жаңа деңгейге көтеруге септігін тигізеді, — деді ол.
