Мазмұнға өту
Басты бет / Экономика /

Бастауыш сынып оқулықтарындағы олқылықтар қандай?

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

2025–2026 оқу жылында елімізде 4,1 миллионнан астам оқушы мектеп табалдырығын аттады. Оның әр үшіншісі — бастауыш сынып оқушысы.Дәл осы кезеңде баланың оқу дағдысы қалыптасып, сыни ойлау жүйесінің негізі қаланады. Сондықтан бастауыш сынып оқулықтарының сапасы мен мазмұны қоғамда жиі талқыланатын мәселеге айналды.

2016 жылдан бастап жаңартылған білім беру жүйесі кезеңкезеңімен енгізілді. Жүйедегі алғашқы өзгерістер бастауыш сыныптарға қатысты болды.Бес балдық бағалау жүйенің орнына критериалды бағалау жүйесі енгізіліп, БЖБ, ТЖБ және қалыптастырушы бағалаутәсілдері қолданысқа енді. Сәйкесінше, жүйедегі өзгерістер оқулықтардың да жаңартылуын талап етті.

Бастауыш сынып оқулықтары біркелкі жаңартылмады. Кей пәндер бойынша оқулықтар 1–2 жыл сайын қайта қаралса, енді біреулері 5–10 жыл бойы өзгеріссіз қолданылып келеді.

Оқулықтардың жаңартылу мерзіміне келсек: 1-сынып оқулықтарының бір бөлігі 2015–2016 жылдардан бері өзгеріссіз қолданылып келді, ал негізгі жаңартулар 2021–2023 жылдары жүргізілді. Жалпы оқулықтар орта есеппен 5–7 жыл сайын жаңарып отырған.

2-сыныпта көп пән бойынша оқулықтар 2022–2023 жылдары қайта басылып, кейбірі бірнеше рет жаңартылды.

3-сыныпта 2024 жылы бірнеше пәннің оқулықтары жаңартылып, ағылшын тілі пәніне жаңа халықаралық баспалардың материалы енгізілді.

4-сыныпта оқулықтардың бір бөлігі 2025 жылы жаңартылды. Әсіресе математика мен тіл пәндері бірнеше рет қайта қаралды. Ал бейнелеу өнерімен музыка пәндері ұзақ уақыт өзгеріссіз қалып, тек соңғы жылдары ғана жаңартылды.

Соның салдарынан мектептерде бір пән бойынша әртүрлі жылғы оқулықтар қатар қолданылып жүр. Бұл мұғалімдер үшін де, оқушылар үшін де қиындық туғызады.

Оқулық қалай жасалады?

«Алматы кітап» баспасының жобалық PR маманының айтуынша, оқулықтар үш кезеңдік сараптамадан өтеді. Алдымен оқу-ағарту министрлігі тақырыптар мен бағдарлама мазмұнын бекітеді. Кейін баспалар немесе жеке авторлар конкурс арқылы оқулық дайындайды. Барлық баспаға ортақ тақырыптар берілгенімен, материалды беру тәсілі әртүрлі болады.

«Мысалы, әдебиеттік оқу пәнінде барлық баспаға бірдей тақырып беріледі. Бірақ әр баспа шығарманың әртүрлі бөлігін алып, тапсырмаларды өзінше құрастырады. Себебі бірдей материалды қолдану плагиат болып есептеледі», — дейді маман.

Оның айтуынша, дайын материал кейін корректорлық тексерістен және арнайы сараптамалық топтың бақылауынан өтеді. Тек содан кейін ғана оқулық баспаға жіберіледі. Сондайақ мектептер мен мұғалімдер арнайы жүйе арқылы өздеріне ұнаған баспаның оқулығын таңдап, тапсырыс бере алады.

Ата-аналар мен мұғалімдер нені сынға алады?

Мәселенің екінші қыры оқулық мазмұнынақатысты. Ата-аналардың пікірінше, кейбір оқулықтар оқушының жас ерекшелігіне сәйкес келмейді. Мысалы, 1–2-сыныптарға арналған «Жаратылыстану» мен «Дүниетану» пәндерінде күрделі ғылыми және тарихи ұғымдар кездеседі.Оқу дағдысы енді қалыптасып жатқан бала үшін мұндай ақпаратты қабылдау қиын.

Әлеуметтік желіде мұғалімдердің де қазіргі оқулықтарға көңілі толмағанын байқауға болады. Әр сыныпта бір баспа оқулығынан екіншісінеауысу тәжірибесі оқу жоспарындағы алшақтықтарға әкеледі. Оған қоса, бес жыл бұрын шыққан оқулықтарда ескірген фактологиялық ақпарат бар. Бұл жағдайда мұғалім қателіктерді сабақ барысында түсіндіріп,түзетуге мәжбүр.

Оқулық сапасына қатысты сын тек мазмұнмен шектелмейді. Баспа өкілдерінің айтуынша, нарықта контрафакт өнімдер де көбейген. Ресми емес типографиялар түпнұсқа оқулықтарды көшіріп, сапасыз нұсқаларын саудаға шығарады. Контрафакт оқулықтардың басты айырмашылығы — сапасыз қағаз бен бояу. Бұл тек авторлық құқық мәселесі ғана емес, балалардың денсаулығына да қауіп төндіруі мүмкін.

Министрлік не дейді?

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметі бойынша, 2016–2024 жылдар аралығында оқулықтарға қатысты түскен шағымдардың 80%-ы расталмаған. Бұл шағымдардың басым бөлігі оқу әдістемесін дұрыс түсінбеу немесе материалдың күрделілігін субъективті қабылдауменбайланысты болған. Расталған 20%-дың құрылымына келсек, оның 10,6%-ы техникалыққателерге, 7,2%-ы фактілік дәлсіздіктерге, ал 1,8%-ы редакциялық кемшіліктерге тиесілі. Бұл жағдайда баспа оқулық тиражын өз қаражатыесебінен қайта басып шығаруға міндетті болады.

Мемлекеттік аудит нәтижелері жүйелілік кемшіліктерді анықтады. Оқулықтарды бағалау критерийлері бес жыл ішінде 12 рет қайта қаралып,

қайта басуға кеткен шығындар 16 миллиард теңгені құрады. Қалыптасқан жағдайды реттеу үшін министрлік оқу әдебиеттерін сараптаужүйесін жаңартты. Оның аясында ғылыми-педагогикалық талдау, мектептердегі міндетті апробация және қоғамдық талқылауды қамтитынбес кезеңнен тұратын бағалау жүйесі енгізді.

Басқа елдер бұл мәселені қалай шешеді?

Дамыған елдер мектеп оқулықтарының сапасына қатысты мәселені тек қайта басып шығару арқылы шешуге тырыспайды. Керісінше, білім беру жүйесін икемді етуге басымдық береді. Негізгі назар оқулық санына емес, оның құрылымы мен қолданылу тәсіліне аударылады.

Финляндияда phenomenon-based learning, яғни құбылыстарға негізделген оқыту тәсілі енгізілген. Бұл жүйеде оқушылар пәндерді бөлек оқымай, өмірдегі нақты құбылыстарды кешенді түрде зерттейді. Мысалы, тарих, география және жаратылыстану пәндеріндегі ақпарат бір тақырып аясында бірге қарастырылады. Нәтижесінде оқулық негізгі құрал емес, қосымша ресурс қызметін атқарады.

Эстонияда цифрлық платформалар кең таралған. Мұнда оқулықтарды жиі қайта басып шығарудың орнына Opiq сияқты цифрлық платформалар қолданылады. Бұл жүйе арқылы оқу мазмұнын онлайн түрде жаңартуға, қателерді түзетуге және ақпаратты толықтыруға болады.

Ал Нидерландыда мемлекет жалпы білім стандарттарын бекіткенімен, мектептер мен мұғалімдер оқу материалдарын таңдауда кең еркіндікке ие. Бір ғана оқулыққа тәуелділік жоқ. Педагогтер оқу мазмұнын сынып деңгейіне қарай бейімдей алады. 

Сарапшы не айтады?

Балалар нейропсихологы, педагогика және психология магистрі Сандра Степанованыңпікірінше, қоғамдағы талқылауларда мәселенің түпкі себебі жиі ескерілмей қалады. Сондықтан мәселені тек бағдарламаны жеңілдету арқылы шешу мүмкін емес. Ақпаратты шағын блоктарға бөліп, көрнекі материалдармен және зерттеу элементтерімен бірге ұсыну маңызды.

«Бала үшін оқу мотивациясының негізгі факторы — білімнің өмірмен байланысы. Егер оқулықтағы ақпарат баланың күнделікті тәжірибесіне жақын болмаса, оның пәнге деген қызығушылығы да төмендейді. Мысалы, оқулықтарда ескі таразы туралы ақпараткездеседі. Алайда қазіргі балалардың басым бөлігі мұндай заттарды күнделікті өмірде қолданбайды» , — дейді нейропсихолог.

Сонымен қатар нейропсихолог балалардың мектепке психологиялық және физиологиялық дайындығына да назар аударады. Оның айтуынша, бірінші сынып бағдарламасы көбіне 6,5–7 жастағы балаларға арналған, ал елімізде балалар мектепке алты жастан қабылданады. Осы кезде кейбір оқушылардың жүйке жүйесі, эмоциялық дайындығы мен сөйлеу дағдылары оқу жүктемесін толық қабылдауға әлі дайын болмауы мүмкін. Соның салдарынан қарапайым оқу материалының өзі балаға ауыр көрініп, оқу мотивациясының төмендеуіне әсер етеді.

Сарапшының пікірінше, бастауыш сыныптағы оқу материалы балаға түсінікті әрі қабылдауға жеңіл болуы керек. Ол үшін ақпарат қысқа, құрылымдалған және көрнекі форматта ұсынылғаны маңызды. Сонымен қатар оқулықтағы тапсырмалар мен тақырыптар баланың күнделікті өмірімен байланысып, білімнің практикалық маңызын көрсетуге тиіс.Оқулық балаға бір тапсырманы әртүрлі тәсілмен орындауға мүмкіндік беріп, балаға сұрақ қойып, жауап іздеу арқылы зерттеушілік дағдысын дамыту қажет.

Муратова Айлана

MNU студенті