Мазмұнға өту
Басты бет / Экономика /

Отандық брендтер: сапа мен стиль неге қымбат?

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz
Қазақстандық күнделікті киім брендтері соңғы жылдары танымал бола бастағанымен, олардың бағасы, сапасы және имиджісі әлі де қоғамда талқыланып келеді. Бұл нарықта “отандық брендтер неге қымбат?” деген сұрақтың көтерілуіне әкеледі.
Сауалнамаға қатысқан 148 респондеттің басым бөлігі – жастар. Олардың ішінде 18-24 жас аралығындағы қатысушылар 41% құраса, 47% студенттер болды, қалған бөлігі басқа да жас диапазонында. Бұл зерттеу нәтижесі жастардың осы индустриядағы негізгі аудитория екеніне меңзейді.

Сауалнама барысында ең жиі атайтын бренд ретінде Qazaq Republic көрсетілген. Ал көп сатып алынатын тауарлардың қатарында футболка, худи, свитшот және аксессуарлар бар.

Қатысушылардың пікіріне сәйкес, отандық брендтерді таңдаудың   Инфографика ЖИ арқылы әзірленген               

басты себептері – сапа, заманауи стиль және ерекше дизайн. Сонымен қатар көпшілік жергілікті брендтерді қолдауды маңызды деп санайды. Бұл тұтынушылар үшін киімнің идеясы мен мағынасы да маңызды екенін аңғартады.

Зерттеу барысында негізгі мәселе де анықталды. Респонденттердің жартысына жуығы отандық брендтердің бағасы “қымбат”, “өте қымбат” деп бағалаған. Соған қарамастан қатысушылардың 69%-ы сатып алған өніміне риза екенін айтқан. Демек тұтынушылар сапа және дизайнды жоғары бағалайды, бірақ баға тиімділігі әлі де маңызды фактор болып отыр.

Отандық брендтердің басты артықшылығы – стиль мен сапа, ал негізгі күресетін мәселесі жоғары баға болып отыр. Сондықтан брендтердің болашақтағы даму мүмкіндігі жастарға қолжетімді баға ұсынып, сапаны тұрақты деңгейде сақтаумен байланысты.

Респонденттің айтуынша, ол Qazaq Republic бренді туралы алғаш рет 2018 жылы естіген. Сол кезеңде жастар қазақша жазулары бар худилер жастар арасында жаңа әрі ерекше формат ретінде қабылдаған. Оның ойынша, бұл кезде мұндай брендтер нарықта аз болғандықтан, Qazaq Republic отандық брендтер арасында айрықша көрінген.

“Уақыт өте келе, олар тек бастапқы идеяны дамытудың орнына әртүрлі өнімдер шығара бастады: күртелер, шыныаяқтар, бөтелкелер, белдіктер және сол сияқты әртүрлі тауарлар, олардың бәрі көбіне бірдей жазу арқылы әзірленген. Соның әсерінен бренд біртіндеп жай ғана табыс табу құралына айналғандай әсер қалдырды. Кез келген бизнес дамып, ақша тапқысы келетіні рас. Бірақ бәрібір іске аспаған әлеует сезімі қалады. Менің ойымша, QR өнімдерінің бағасы мұндай қарапайым базалық заттар үшін жоғары,”– дейді тұтынушы Санжар Жараспаев.

Бағаны бекітуге не әсер етеді?

Киім өндірісіндегі бағаның қалыптасуына әсер ететін факторлардың бірі – MOQ(minimum order quantity), яғни ең төменгі тапсырыс көлемі.Өндіріс көлемі аз болған жағдайда, бір өнімнің өзіндік құны жоғары болады. Себебі мата, тігін, принт, қаптама және логистика шығындары аз көлемдегі тапсырысқа бөлінеді. Ал ірі брендтер өнімді көп мөлшерде шығаратындықтан бір тауардың құнын төмендете алады.

Бұл туралы маркетолог Серік Сәкенов ойын бөлісті:

“Өнім неғұрлым көп көлемде шығарылса, оның өзіндік құны соғұрлым төмендейді. Мысалы, жергілікті бренд бір модельдегі 50 футболка шығарса, Zara секілді ірі компаниялар дәл сондай өнімді жүздеген мың данамен өндіреді. Өндіріс көлемінің айырмашылығы бағаға тікелей әсер етеді,”– деді ол.

Сарапшының ойынша, қазақстандық брендтердің әлемдік брендтерге қарағанда қымбат болуының басты себебі – өндіріс пен сату жүйесінің толық қалыптаспауы.

Бұл пікірді “Koripkel” жергілікті бренд негізін қалаушы да қолдайды:

“Біздің шетелдік бәсекелестерімізге қарағанда қазақстандық брендтердің масштабы тым кішкентай. Сол себепті бастапқы киім өңдеу қымбатқа шығып, брендтің дамып, ақша әкелуі үшін бағаларды көтереді деп ойлаймын,”– дейді Батыр Сапар.

Брендтің бағасы жоспарланған аудиторияға да байланысты

Брендтің қандай буынға бағытталуы да бағаға тікелей әсер етеді. Премиум немесе ортадан жоғары буынға бағытталған брендтер, әдетте, жоғары баға саясатын ұстанады.

Маркетологтың айтуынша, соңғы жылдары қазақстандық брендтерге деген көзқарас айтарлықтай өзгерген.

“Контент жасаушылар мен блогерлердің әсері де айтарлықтай болды. Олар жергілікті брендтерді күнделікті киім үлгісінің бір бөлігі ретінде көрсете бастады,”– дейді Серік Сәкенов.

Ұлттық нақыштағы жазулар мен оюларға келсек, бұл – брендтердің бастапқы кезеңіндегі дизайндардың бірі. Көптеген қазақстандық бренд өндіруші заманауи әрі минималистік стильге бет бұрған. Олар жастардың талғамына бейімделе бастады.

Қазір тұтынушылар үшін киім қажеттілікпен қатар өз ойы мен болмысын сыртқы келбеті арқылы жеткізу құралына айналып отыр. Қазақ тіліндегі жазулар мен ұлттық элементтерге деген қызығушылықтың артуы – осы тенденцияның бір көрінісі.

Сонымен қатар ішкі өндірісті қолдау, шетелдік нарыққа тәуелділікті азайту сияқты факторлар да жергілікті брендтерге сұранысты арттырып отыр.

Сарапшының пікіріне сәйкес, қазақстандық брендтердің халықаралық нарыққа шығу әлеуеті бар. Алайда Қытай сияқты арзан өндіріс нарықтарымен бәсекелесу қиын болғанымен, премиум және брендтің дизайнерлік ерекшелігіне негізделген аудиторияға олардың өз орнын табу мүмкіндігі жоғары.

Қазақстандық брендтер ұлттық стиль мен сапаны сақтай отырып, жастарға қолжетімді баға ұсына ала ма? Бұл сұрақ алдағы жылдары жергілікті сән индустриясының басты сынағына айналуы мүмкін.

Жанерке ДОСКЕЛДІ

Maqsut Narikbayev University Халықаралық журналистика мектебінің 2-курс студенті