«Қалбатау–Майқапшағай» автожолы ашылды

«Қалбатау–Майқапшағай» автожолының негізгі жұмыстары аяқталып, толық қозғалыс ашылды. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» хабарлап отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы республикалық маңызы бар «Қалбатау–Майқапшағай» (906-1321 шақырым) автомобиль жолын қайта жаңарту бойынша негізгі құрылыс жұмыстарын аяқтап, ұзындығы 415 шақырым учаскеде көлік қозғалысын толық ашты.

Жоба президенттің көлік-логистикалық әлеуетті дамыту және еліміздің ұлттық жол желісін жаңғырту жөніндегі стратегиялық міндеттерін іске асыру мақсатында жүзеге асырылды.

Жоба Қытай экспорт-импорт банкінің және Республикалық бюджеттен бірлесіп қаржыландыру арқылы жүзеге асырылды. Қайта жаңарту жұмыстары Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының аумағындағы 10 учаске мен екі жол пайдалану бөлімшесін қамтыды. Негізгі құрылыс және асфальтбетон төсеу жұмыстары толығымен аяқталды, ал жол бойындағы инфрақұрылымды абаттандыру шаралары биыл қараша айының соңына дейін толық аяқталады.

Жол құрылысына негізінен отандық құрылыс материалдары мен жергілікті жұмыс күші пайдаланылды. Бұл жергілікті халықты жұмыспен қамтуына және өңірдің экономикасының дамуына оң әсер етті. Жоба шеңберінде сегіз асфальтбетон зауыты жұмыс істеді. 2,4 миллион тонна асфальтбетон қоспасы өндіріліп, 1,3 миллион текше метр қиыршық тас пайдаланылды. Сонымен қатар шамамен 1100 бірлік жол-құрылыс техникасы және 1800-ден астам маман тартылды. Қайта жаңарту аясында 37 көпір, екі жол өткелі, екі көлік айрығы, 349 су өткізу құбыры, бес демалыс алаңы және екі санитарлық-гигиеналық торап салынды.

Бұл шаралардың барлығы жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға, сонымен қатар жүргізушілер мен жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға бағытталған. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Дархан Иманашев жобаның стратегиялық маңызын ерекше атап өтті.

«Қалбатау–Майқапшағай» тасжолы еліміздің көлік саласының маңызды бөлігі. Бұл жол Қазақстанның орталық және шығыс өңірлерін Қытай Халық Республикасының шекарасымен байланыстырады. Жобаның жүзеге асырылуы транзиттік әлеуетті арттыруға, өңіраралық және халықаралық байланысты нығайтуға, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және азаматтар үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Бұл – еліміздің экономикалық тұрақты дамуына бағытталған жол инфрақұрылымын жаңғыртудың кең ауқымды жұмысының нәтижесі, — деді ол.

«Қалбатау–Майқапшағай» автожолында көлік қозғалысын ашу еліміздің көлік жүйесін жаңғырту және халықаралық стандарттарға сай, қауіпсіз әрі бәсекеге қабілетті заманауи жол желісін қалыптастыру жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асырудың маңызды кезеңі болады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да