Қазақстандағы халықаралық жолаушылар ағынының жартысынан астамын қамтамасыз ететін Алматы халықаралық әуежайы жаңғыртылып жатыр.
Бұл туралы Алматы қаласы әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында айтты.
Қала әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасы бойынша, қала әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жоба бұл өңірдегі ең ірі инфрақұрылымдық өзгерістердің бірі болады.

Алматы халықаралық әуежайына қатысты бізде үлкен жоспар бар, оны Еуразия кеңістігіндегі басты авиациялық хабқа айналдырғымыз келеді. 2029 жылға дейін жеке инвестициялар есебінен әуежайға 360 миллион АҚШ долларынан астам қаржы салынады. Ішкі терминалдар жаңғыртылады, осы заманғы қонақүй, көпдеңгейлі автотұрақ салынып, ұшу-қону жолағы да жөндеуден өтеді, – деді Олжас Смағұлов.
2050 жылға дейінгі Horizon бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан әуежайдың даму барысы бес кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңі 2025 жылы басталған, ол 130 жобаны қамтиды.

Бұдан бөлек, рульдік жолақ пен техникалық қызмет көрсету ангарын салу жоспарланып отыр.
Жаңғырту нәтижесінде әуежай Еуропа мен Азияны байланыстыратын авиациялық хабқа айналып, жылына 40 миллион жолаушыны қабылдай алатын болады. Жобаның құрылыс кезеңінде 1800-ден астам жұмыс орны және тұрақты қызмет ету кезеңінде 550 тұрақты жұмыс орны ашылады.
