Ақмола облысынан мамонттың сүйегі табылды

Не болды?

Ақмола облысындағы Бұланды ауданының Новобратское ауылы маңындағы Қоңыр өзенінің жағасынан түкті мамонттың төменгі жақ сүйегі мен жілік сүйектері табылды. Бұл зіл шамамен 35-40 мың жыл бұрын тіршілік еткен. Бұл туралы ұлттық музей хабарлап отыр.

Мәлімет

Бұл олжаны «СПХ Новобратское» агрохолдингі қызметкерлері Әділет Омаров пен Әлжан Рақышев тауып алған. Олар сүйекті тапқан сәтте-ақ Ұлттық музей мамандарына хабарлаған. Қазір жәдігер ұлттық музейдің ғылыми зертханасында арнайы температура мен ылғалда сақталып тұр.

Төменгі жақ сүйегі мен жіліктің бүтін күйінде қатар табылуы осы маңайда мамонттың толық қаңқасы сақталуы әбден мүмкін екенін көрсетеді. Сондықтан Ұлттық музей ғалымдарынан құралған зерттеу тобы алдағы маусымда бұл аймақта жүйелі ғылыми-қазба жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр,- дейді музей қызметкерлері.

Түкті мамонттар шамамен 700 мың жыл бұрын пайда болып, соңғы өкілдері 10 мың жыл бұрын жойылып кеткен. Мамонттардың бойы 3-4 метрге, салмағы 5-6 тоннаға, кейбір жағдайларда 8 тоннаға жеткен.

Зілдің тісі ерекше ірі және көп қатпарлы болған. Бұл оларды қатты шөп пен бұтаны шайнауға бейімдеген. Ересек мамонттың өмір бойында алты рет жаңа азу тісі шыққан.

Қазақстан аумағында мамонт қалдықтары бұған дейін де Павлодар, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында бірнеше рет табылған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да