Baribar.kz мәдени астанадағы жастарға арналған мүмкіндіктер мен қолдаудың жаңа тетіктеріне шағын шолу жасады.
Қала халқы түнде де кітап оқиды
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылғы тамызда Алматыда 2,33 миллионнан аса адам тұрады. 2024-2025 оқу жылының дерегі бойынша, Қазақстандағы студенттердің үштен бірінен астамы Алматыны таңдаған (202 мың студент).

Алматы мәдени және әдеби тынысымен дара. Мысалы, қала тұрғындары 24/7 кітапханада білім алып, шығармашылықпен айналыса алады.
Алматының мәдениет басқармасы бұл мүмкіндік оқушылар, студенттер, магистранттар және докторанттар арасында сұраныс көп екенін хабарлаған. Әкімдік дерегінше, қаладағы кітапханаларға оқырман жыл сайын кем дегенде 3 миллион рет келіп-кетеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы екінші Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында 24/7 кітапхана тұжырымы туралы бастама көтерген. Сөйтіп, Алматыда алғашқылардың бірі болып үш филиал – Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасы, №4 кітапхана және Alatau Creative Hub тәулік бойы оқырман қабылдауды бастаған. Алматы қалалық «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ директоры Мейрам Бектембаевтың айтуынша, Жамбыл атындағы кітапхананың өзіне ғана түнде 150-ден астам оқырман барады. Бұл кітапханада кинокөрсетілімдер, кітап тұсаукесерлері, дебаттар өтіп, түрлі клуб жұмыс істейді.
Alatau Creative Hub — мәдени орталық пен цифрлық платформа тоғысқан жер
Бұл — өзгеше форматтағы кітапхана. Онда кітап оқып қана қоймай, подкаст жазып, сахнадағы өнер бойынша шеберлік сабақтарына қатысуға болады. Бір кеңістікте жазушы да, музыкант пен суретші де, стартапер мен ақын да кездеседі. Креатив хабта ашық дәрістер, бағдарламалау мен графикалық дизайн курстары, әдеби кештер өтетін жазғы алаң да бар.

Кіру тегін. Қазір хаб студент жастар мен фрилансерлердің тұрақты мекеніне айналды. Ерте келіп орын алмасаң, розетка мен жұмыс үстеліне, жайлы дивандарға кезекке тұрып қалуың мүмкін. Дегенмен хабтың есігі барлық оқырманға ашық. Арнайы тіркелген соң, оқырманға library card беріледі. Бұл – барлық Алматы кітапханасына кіруге мүмкіндік. Осы card-пен кітапханаға кірмей-ақ «Ақылды» стансалардан кітап алып, қайтаруға болады.
Қазір Алматыдағы метро стансаларында, сауда және қауымдастық орталықтарында осындай 24 нүкте бар. Бәрі оңай әрі түсінікті: оқырман билетін тақап, қажет кітапты таңдап алып оқи бересіз. Мегаполис үшін бұл – таптырмас мүмкіндік: уақыт үнемделеді, кітап алу оңай.
Тағы бір ерекшелік, 2025 жылғы шілдеге қарай Аlmatylibrary.kz порталының қорына 23 мыңнан астам цифрлық кітап жиналған. Тіркеуден өткен оқырман классикадан бастап ғылыми әдебиетке дейін онлайн оқи алады.

Биыл Қазақстан Жазушылар одағы мен Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі және «Өркен» балалар әдебиетін дамыту қоғамдық қоры бірлесіп, жас қаламгерлерді қолдау үшін «Алматының жас жазушысы – 2025» байқауын ұйымдастырды. Бұл қаланың әдеби өмірін жандандырып, жасөспірімдердің шығармашылық қабілетін дамытудың бір тетігі болды. Шығармашылық бәсекеге 15-17 жас аралығындағы 173 талапкер қатысқан. Ұйымдастырушылар мұндай шаралар әлі де жалғасатынын мәлімдеген.
Одан бөлек, «Президенттік арнаулы әдеби сыйлық» жобасы әдебиет саласындағы жастарды қолдауға арналған. Бұл сыйлық 2023 жылы тағайындалған. Жас қаламгерлердің шығармаларын жарыққа шығаруға және олардың әдеби ортада танылуына мүмкіндік береді.
Баспаналы болу мүмкіндіктері
Әдебиет пен өнер саласындағы жастарды қолдау шығармашылық байқаулармен шектелмейді. Алматыда жас мамандардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған «Алматы жастары» тұрғын үй бағдарламасы да жемісін беріп келеді. 2025 жылы бұл жобаға 6 мыңнан астам өтінім түсіп, оның ішінде мәдениет және білім саласында еңбек ететін жастардың үлесі айтарлықтай болды. Бағдарлама аясында 2,5 мыңнан астам жас маманға пәтер алуға жеңілдетілген несие, ал «Жұмыс істейтін жастар» санатындағы 759 қатысушыға тұрғын үйге жолдама берілген.
«Целинный» заманауи өнер орталығының жастарға берер мүмкіндігі
Кейінгі жылдары Алматыда жас суретшілер мен креатив жастар үшін жаңа мәдени хабтар ашылып, шығармашылық орта кеңейді. Соның бірі – «Целинный», бұл — Қазақстандағы ең ірі заманауи өнер орталығы. Бұл жас авторларға идеясын жүзеге асыруға және жаһандық мәдени диалогқа қатысуға мүмкіндік береді.
Бұрынғы кинотеатр жаңарып, 2025 жылы Қазақстандағы және Орта Азиядағы локалды интеллектуалды және көркем қауымдастықты қолдау мен нығайтуға арналған институция ретінде жұмысын бастаған еді. Алғашқы демалыс күндерінде орталыққа 12 мың адам келіп, оның жастарға тарту ететін әлеуеті анық байқалды. Бұл хаб Алматының шығармашылық индустриясын дамыту бағытында жаңа серпін беретін маңызды алаң болып отыр.
Ақжарқын Қыдырхан

