Шымкентте визуал медиа — Beine.Pro интернет журналының тұсауы кесілді. Іс-шара Kiiz space өнер кеңістігінде өтіп, оған өңір журналистері, медиа сарапшылар, түрлі саланың кәсіби мамандары, бұған дейін жасаған контенттің кейіпкерлері, баспасөз хатшылары мен бизнес өкілдері қатысты.
Beine.Pro — Шымкент қаласы мен Түркістан облысының тыныс-тіршілігін фото, видео және иллюстрацияға негізделген контент түрінде ұсынатын дербес интернет журнал. 

Beine.Pro-ның визуал контент продюсері, фотожурналист Әйгерім Бегімбет жобаның неден басталғанын айтып берді. 

2019 жылдан бері Internews Kazakhstan ұйымының қолдауымен «Түркістан тіршілігі», «Үрейін жеңген», «Түркістан әйелдері», «Сусырау» медиажобаларын жасадық.  Фотокөрмелер өткізіп, тәжірибе жидық. Бұдан бөлек, ÓzgeEpic креатив хабының бастамасымен және «Білім беру саласын тұрақты дамыту» қорының қолдауымен «Ауыл мектебі» фотокөрмесін және А.Ясауи атындағы ХҚТУ қолдауымен «Ясауи университеті — Жаһандық жас ғалымдар» фотокөрмесін өткіздік. Енді осы жобалардың ізімен Шымкент қаласы мен Түркістан облысының тыныс-тіршілігін, аймақтағы проблемаларды, адам тағдыры мен хикаяларды негіз ете отырып, фото және видеомен байытылған сапалы репортаждар жасауды жалғастырамыз, — деді Әйгерім Бегімбет.

Beine.Pro командасы әйел мен бала, ауыл өмірі, экология, ғылым-білім, денсаулық, өнер, урбанистика, бизнес, жасанды интеллект тақырыптарына баса назар аударады. Beinepro.kz сайтында фоторепортаж, видеорепортаж, сторителлиң, дата жобалар жарияланады. Қолданушылар YouTube-тағы BeinePro арнасын 300 мың реттен аса, TikTok пен Instagram-дағы видеоларды 200 мың реттен аса қараған.

Жанерке Хумар, Жәнібек Нұрыш, Әйгерім Бегімбет
Жанерке Хумар, Жәнібек Нұрыш, Әйгерім Бегімбет. Фото: Beine.pro

Beine.Pro — уақытқа байланбаған контент өндіріп, жариялайтын медиа. Өөңірдегі тыныс-тіршілікті түрлі визуал формат арқылы жеткізгіміз келеді. Сондықтан әуел баста фото және иллюстрация контенті болса, кейін видеоконтент жасаудың да маңызын түсініп, видеорепортаж, рилс түсіруді жолға қойдық. Бұл Beine.Pro интернет журналының толық медиаға айналуына алғышарт болды, — деді интернет журналдың мультимедиа журналисі әрі жоба үйлестірушісі Жанерке Хумар.

Beine.Pro интернет журналының негізгі құндылығы мынадай: жаңашылдық, жауапкершілік және адалдық. Демек, Beine.Pro — жауапкершілік пен адалдық қағидаттарын ұстанып, жаңашыл контент өндіретін медиа.

Бұған дейін жасаған барлық медиажобаның контенті түрлі платформада жарияланып келді. Соның бәрін бір ортаға жиып әрі медиажобаларды жалғастыру, жаңа тақырыптар қосып, тұрақты контент өндіретін редакцияға айналуды жоспарлап, Beine.Pro интернет журналын құрып отырмыз. Мәселен, «Ясауи университеті — Жаһандық жас ғалымдар» фотокөрмесінде фотосы қойылған 14 ғалым туралы фоторепортаж, мақала, сұхбат дайындап жатырмыз. Редакциямыз — горизонталь құрылыммен (бастық/бағынушы деген жоқ — ред.) жұмыс істейтін шығармашылық бірлестік. Авторлармен жұмыс істеуді нығайтамыз. Монетизацияның түрлі әдіс-тәсілін енгіземіз. Жаңа форматтарда контент жасаймыз. Мақсатымыз — жасанды интеллект пен заманауи дижитал құралдарды қолдана отырып, бірақ шынайылықтан ауытқымай, өмірдің өзін қаз-қалпында көрсететін сапалы контент өндіріп, жергілікті медианарықты дамытуға үлес қосу, — деді Beine.Pro интернет журналының бас редакторы Жәнібек Нұрыш.

Beine.Pro  интернет журналының логотипі — өмірдің өзін қаз-қалпында көрсету идеясын бейнелейді. Логотип авторы — график дизайнер Шыңғыс Әбдіразақ.

Шыңғыс Әбдіразақ
Шыңғыс Әбдіразақ. Фото: Beine.pro

Журналдың Beine.Pro атауы «Beine» (бейне) сөзінің «проекциясы» дегенді білдіреді деп түсіндім. Демек, «бейне» — ақпараттың бастапқы нысаны болса, «.Pro» — сол бейненің кеңейіп, түрлі медиа форматтарда көрініс беруін меңзейді. Логотиптің өзегі — проекция метафорасы. Бренд айдентикасында кішкентай шаршының үлкен шаршыға проекциялануы арқылы форма сақталады, мән жоғалмайды деген идея көрініс тапқан. Бұл — ақпарат, ой немесе дауыс кеңейіп, түрлі форматта тараса да, түпкі мәнді құртпай бейнелейтін концепция, — деді Шыңғыс Әбдіразақ.

Beine.pro
Фото: Beine.pro

Тұсаукесер «Тіршілік» және «Түркістан әйелдері» медиажобасында қойылған фотокөрмеден басталып, Beine.Pro интернет журналының презентациясына ұласты. Қазақстанның түрлі өңірінен келген Молдияр Ергебеков, Бақыт Аманжолқызы, Думан Смақов, Жұлдыз Әбділда, Асхат Еркімбай, Асқар Ақтілеу сияқты медиасарапшылар қатысқан панельдік дискуссияға жалғасты. Медиасарапшылар пікірталқыда медиа этикасы, интеллектуал медиа, редакция стандарты, медианың стратегиясы, фактчекиң мен жаңсақ ақпарат, өңірлік медианың кіріс көздері және жасанды интеллект дәуіріндегі журналистика туралы айтты.

Қазіргі таңда интернет журналдың Beinepro.kz сайты, YouTube-та @beinepro арнасы, Facebook, Instagram, TikTok пен LinkedIn-де @beine.pro парақшасы, WhatsApp пен Telegram-да арнасы бар.