Не болды?
Елімізде қаржы операциялары ашықтығы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған жаңа шаралар енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Қаржы мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Қайрат Бижанов үкімет отырысында мәлімдеді.
Мәлімет
Енді басқа біреудің банк картасына 500 000 теңгеден астам сома аударатын кезде ақша жіберетін адамның ЖСН-сын көрсету керек. Бұған дейін тек алушының ЖСН-сы талап етілетін. Мұндай транзакцияларды мобайл қолданба немесе SMS арқылы растау мүмкіндігі әзірленіп жатыр.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап банктер банкомат камераларының бейнежазбасын кем дегенде 180 күн сақтауға міндеттеледі. Бұл күдікті аударым жасағандарды жылдам анықтауға мүмкіндік береді, — дейді Қайрат Бижанов.
Адам қаржы операциясын жасап жатқанда оның бет-әлпетн немесе саусақ ізін тану үшін биометриялық сәйкестендіру енгізу қарастырылып жатыр.
Қайрат Бижановтың айтуынша, бұл шаралар аноним аударымдарға қосымша кедергі жасайды және банк жүйесін көлеңкелі мақсатта қолдану қаупін азайтады.
Естеріңізге салайық, үкімет отырысында онлайн-казиноны жарнамалаған блогерді соттау ұсынылған еді.
