Алматыда «Жасыл аула» науқаны басталды

Алматының экология және қоршаған орта басқармасы «Жасыл аула» экологиялық науқанының басталғанын хабарлап отыр.

Бағдарлама аясында қала тұрғындарына көпқабатты үйлердің аулаларын көгалдандыру үшін жапырақты ағаш көшеттері тегін таратылады.

Бір адамға 20-ға дейін көшет алуға мүмкіндік бар. Өтініш берушілер егілген ағаштарға үш жыл бойы күтім жасау жөнінде кепілдік міндеттемесіне қол қояды. Өтінім қабылдау мерзімі — 2025 жылғы 12 қазанға дейін. Кейін жіберілген өтінімдер қаралмайды.

Қатысу үшін өтінімді [email protected] электрон поштасына жолдау қажет. Хатта келесі мәліметтер көрсетілуге тиіс:

  • қатысушының аты-жөні мен байланыс нөмірі;
  • ағаш егілетін орынның нақты мекенжайы;
  • егілетін жердің фотосы (панорамалық форматта болғаны жөн);
  • қажет көшет саны.

Көшеттер 18–19 қазан күндері Түрксіб ауданындағы Т. Рысқұлов көшесі, 1/1 (Eco Almaty ЖШС) мекенжайында таратылады. Тұрғындар ағаш егілген соң фотоесеп жіберуге тиіс.

Науқан жеке тұрғын үй секторының (ЖТҚ), Алматы облысы тұрғындары мен заңды тұлғаларға арналмаған.

Қосымша ақпаратты экология және қоршаған орта басқармасының жасыл қорды басқару бөлімінен алуға болады: +7 778 382 60 01, +7 727 338 31 06.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да