Алматыда «Береке Fest» аясында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. Жәрмеңке күні қала тұрғындары мен қонақтарына 420 тонна өнім ұсынылады.
Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
2025 жылғы 4-5 қазанда Алматыда Алматы облысының тауар өндірушілері мен қала кәсіпорындары қатысатын кеңейтілген ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. Іс-шара «Береке Fest» республикалық бастамасы аясында ұйымдастырылады. Жәрмеңке бірінші кезектегі қажет өнімдердің бағасын тұрақтандыруға, отандық өндірушілерді қолдауға және қазақстандық өнімді тұтынуды ынталандыруға бағытталған.
Жәрмеңкеге Алматы облысының 12 ауданы мен Алматы және Қонаев қаласы қатысады. Қала тұрғындарына 50-ден астам өнім түрі: ет және сүт, жемістер мен көкөністер, шұжық өнімдері, ұн, жарма, өсімдік және мал майы ұсынылады. Жәрмеңкедегі өнімнің жалпы көлемі 420 тонна, оның ішінде 100 тонна ет, 150 тонна жеміс-көкөніс, 50 тонна сүт және 120 тонна басқа да өнімдер. Алматы тұрғындары мен қала қонақтары қажет өнімдерін тікелей өндірушілерден қолжетімді бағамен сатып алады, — делінген хабарламада.
Жәрмеңке сағат 8:00-ден 17:00-ге дейін Қазыбек би көшесінде, Абылай хан даңғылынан Панфилов көшесіне дейінгі аралықта өтеді.
