Қазақстандағы фармацевтика нарығы 10 жылда 7,2 есе ұлғайды

«Әр мемлекетте ең бастысы адам денсаулығы. Сондықтан Президент егемендігімізді алған күннен бастап халықтың денсаулығын қорғауға басты назар аударып келеді. Нәтижесінде Қазақстан денсаулық сақтау саласында үлкен жетістіктерге жетті. Астанада жоғары деңгейдегі медицина кластері құрылып, ұлттық скрининг бойынша жұмыстар басталды. Әлемдік тәжірибеге сәйкес инновациялық орталықтар ашылды. Барлық орталықтарда білікті мамандар жұмыс істейді. Бүгінде біз түрлі қиын оталарды отандық дәрігерлеріміздің өздері жасайтындай жағдайға жеттік», — деді Н.Нығматулин.

Ол атап өткендей, осындай өзгерістердің арқасында қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 70 жастан асты.

Алайда, елімізде фармацевтикалық өндірісте шешімін таппаған мәселер қордаланып қалған. Бірінші кезекте өндіріс ошақтарының техникасы ескірді. Бұл отандық өндірістегі шикізат тапшылығы, энерготасымалдаушылардың қымбаттауына байланысты тауардың өзіндік құны да өсті.  Шетелдік өндірушілермен бәсекелестік мәселесі де бар. Парламенттік тыңдауда осы мәселелер де көтерілді.

«Соңғы 10 жылда еліміздің фармацевтика нарығының көлемі 7,2 есе ұлғайды.  КТМКК аясында халықты дәрілік заттармен қамтамасыз етуде шығын көлемі артуда. Сонымен,  2001 жылмен  2016 жыл аралығында дәрілік заттарды сатып алуға жұмсалған қаржы 165 млрд теңгеге дейін өсті. Қыруар қаржының бөлінгеніне қарамастан фармацевтика саласының шешімін таппай жүрген түйіндері өте көп.  Бүгінде елімізді фармацевтика өнімін өндіретін 100-ден астам кәсіпорын бар. Соңғы он жылда өнім көлемі 7 есе арты.  Осыған қарамастан халқымызды толығымен дәрілік заттармен қамтамасыз ете алмай отырмыз», — деді Н.Нығматулин.

Төраға хабарлағандай, халықты дәрімен қамтамасыз етуде мәселелерді шешуде нақты қадамдар көрсетілу керек.

«Дәрілік заттармен тиімді қамтамасыз ету, рационалды тұтыну халқымыздың денсаулығын нығайтуға  және өмір сүру ұзақтығын арттыруға тікелей әсер етеді», — деп түйді Н.Нығматулин.

ДереккөзStrategy2050.kz