Президент Жаслан Мәдиевке ЖИ бойынша бірқатар міндет жүктеді

Мемлекет басшысы жаңадан тағайындалған премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевті қабылдады.

Бұл туралы Ақорда хабарлап отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев кездесуде ұлттық цифрлық инфрақұрылымды одан әрі өркендету, экономика мен әлеуметтік саланың негізгі бағыттарына жасанды интеллектіні енгізу, сонымен қатар азаматтар мен бизнес үшін мемлекеттік цифрлық қызмет көрсетудің сапасын арттыру жөнінде тапсырма берді.

Президент ЖИ мен цифрлық технологиялар бойынша еңбек ететін білікті мамандар даярлау мәселесіне баса назар аударды.

Мемлекет басшысы жоғары технологиялар саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және Қазақстанның өңірлік цифрлық хаб ретіндегі орнын нығайту қажеттігін атап өтті.

Премьер-министрдің орынбасарына жолдауда белгіленген Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдыру жөніндегі басым мақсаттарды нақты іске асыру жүктелді.

Айта кетейік, бұған дейін Жаслан Мәдиев Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі болып тағайындалғанын жазған едік.