Не болды?
УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі «Реалға» қарсы матчқа арналған барлық билет сатылып кетті. Бұл туралы «Қайрат» ФК хабарлап отыр.
Мәлімет
Көрермен стадионға 18:45-тен бастап, яғни ойыннан үш сағат бұрын кіре алады. Жанкүйерлерге тексеруден өтуде кезек күтіп қалмау үшін ертерек келген дұрыс. Стадионға үш жақтан – Абай даңғылы, Сәтбаев көшесі және Байтұрсынов көшесі арқылы кіруге болады, — делінген футбол клубы хабарламасында.
Клубтың хабарлауынша, Freedom SuperApp арқылы сатып алынған билет матч күні электрон поштаға жіберіледі. Ал Qairat SuperApp қолданбасындағы стадионға өтуге арналған QR-код кездесу басталғанға дейін бірнеше сағат бұрын ашылады.
Контекст
Естеріңізге салайық, «Қайрат» 26 тамызда плей-офф кезеңінде сенсациялық түрде «Селтикті» жеңіп, тарихта алғаш рет чемпиондар лигасының негізгі бөлігіне жолдама алған еді.
«Қайрат» — Қазақстан тарихында топтық кезеңге шыққан екінші клуб. Бұған дейін бұл жетістікке 2015/2016 маусымында «Астана» жеткен еді.
«Қайрат» — «Реал Мадрид» матчының билеті кеше, 23 қыркүйекте сатыла бастаған.
«Қайрат» пен «Реал-Мадрид» 30 қыркүйекте Алматыдағы Орталық стадионда ойнайды.
