Мазмұнға өту
Басты бет / Жаңалықтар /

Жасанды интеллектке қосылған чат-бот 19 мыңға жуық өтінішті қабылдады

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов
Әлеуметтік-еңбек саласына қатысты 18,7 мың өтініш жасанды интеллектке қосылған чат-бот арқылы өңделді.

Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлап отыр.

Министрлік сәуір айында интеллектуалды чат-ботты іске қосқан болатын. Оның басты мақсаты – азаматтармен кері байланысты жеделдету және операторларға түсетін жүктемені азайту. Чат-боттың негізгі функциялары:

  • анықтамалық ақпарат беру,
  • жиі қойылатын сұрақтарға жауап беру,
  • қажет болған жағдайда өтінішті тиісті бөлімге жолдау.

Жүйе бірыңғай кіру нүктесі ретінде жұмыс істейді және мемлекеттік қызметтер мен әлеуметтік қолдау шаралары туралы ақпаратты жедел ұсынады, сонымен қатар пайдаланушыларға цифрлық платформаларда бағдар алуға көмектеседі.

Чат-бот қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді. Қазіргі таңда мәтіндік және дауыс арқылы берілген барлық өтініштің 96%-ға жуығы жасанды интеллект көмегімен автоматты түрде өңделіп жатыр.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, бұл жаңашылдық азаматтарға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға, сұраныстарды өңдеу жылдамдығын арттыруға және операторлардың жұмысын жеңілдетуге мүмкіндік берген.