Астанада алғаш рет Philip Morris Kazakhstan компаниясының ұйымдастыруымен Technovation халықаралық форумы өтті. Жиынға компания өкілдері, Қазақстан мен Ресейдің медицина және ғылым саласындағы тәуелсіз сарапшылары, ғылыми журналистер қатысты. Іс-шараның бас тақырыбы — «Түтінсіз болашақ».
Халықаралық форумға қатысқандар күні бойы темекі шегетіндерге барынша зияны аз түтінсіз баламаларды ұсыну мүмкіндігін талқылады.
Іс-шараның ашылуында Philip Morris International компаниясының коммуникация және өзара іс-қимыл жөніндегі вице-президенті Томмазо Ди Жиованни инновацияның жалпы қоғамдағы рөлін түрлі мысалмен түсіндіре келе, оны түтінсіз болашақ жасауда қолдану мүмкіндігіне тоқталды.

«Инновация салмақ тастау сияқты кішігірім өзгерістен бастап, денсаулық сақтау жүйесіне дейінгі күрделі мәселелерді шешуге көмектеседі. Ғылымға негізделген шешімдерді елемей, скептицизмге берілетін болсақ, инновацияның мүмкіндігін толық қолдана алмаймыз. Дәл осы тұжырым түтінсіз өнімдер инновациясына да қатысты. Түтінсіз баламалар темекі шегетін адамдардың денсаулығына келетін зиянды азайтуға көмектесе алады», — деді ол.
Компанияның мәліметінше, 2025 жылдың екінші тоқсанында PMI кірісінің 41%-ы түтінсіз өнімдерден түскен. Компания мұндай көрсеткішке 11 жылда қол жеткізген.
Томазо ди Жиованни Алматы облысында Philip Morris компаниясы өндірісін кеңейту жұмыстарын жүргізіп жатқанын да айтып өтті.
«Қазақстан –компания үшін маңызды нарық. Philip Morris 1993 жылы Қазақстанға алғашқылардың бірі болып инвестиция салды. Қазір Алматы облысындағы өндірісімізді кеңейтіп жатырмыз. Бұл әлем бойынша темекілермен бірге жаңа түтінсіз өнімдер шығаратын сегізінші фабрика болады», — деді ол.
Philip Morris компаниясы — 1993 жылдан бері еліміздегі ең ірі 10 салық төлеушінің бірі. 1994 жылдан 2023 жылға дейін мемлекет қазынасына 1 трлн теңгеден астам салық түскен.
Компания әлеуметтік жауапкершілікке де мән береді. Ауылдағы өмір сапасын арттыру, агробизнесті дамыту мен әлеуметтік жобаларды қолдауға көңіл бөледі. Кейінгі жылдары қайырымдылыққа 8 миллион доллардан астам инвестиция құйған.
Медицина сарапшылары жаһандық тренд туралы не дейді?
Форумға әлемдік трендке айналған тұжырым туралы медицина мамандарының пікірін білу үшін арнайы сарапшылар келді. Молекулалық онкология маманы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Евгений Имянитов пен Александр Филиппов, стоматолог, PhD Мейрам Раганин және пульмонолог Саттар Ералиев өз саласына қатысты халық арасында кең тараған мифтер туралы ақпаратты талдап берді.
Мамандардың айтуынша, ғылыми деректер денсаулыққа никотин емес, жану процесінде пайда болатын химиялық заттар қауіп төндіреді. Қоғамда никотин қатерлі ісік туғызады деген миф бар. Мамандар, шын мәнінде, негізгі зиян түтіннен келетінін айтып отыр.Темекі шегетіндерге зиян әдеттен бірден арылу қиын. Медицина мамандары мұндай жағдайда оларға салыстырмалы түрде зияны аз нұсқа ұсыну денсаулық сақтау тұрғысынан тиімді қадам деп есептейді.
Медицина мамандарының бұл пікірін PMI компаниясының Оңтүстік-Шығыс Азия, ТМД және Таяу Шығыс бойынша ғылыми ынтымақтастық жөніндегі директоры
Томоко Иида да растап берді.

«Никотин жапырақтан немесе синтетикалық жолмен өндіріледі. Адамдар оны негізгі зиян көзі деп ойлайды. Алайда бас қауіп жану процесінде бөлінетін химиялық заттарда жатыр. Ұлыбритания үкіметінің ресми сайтында никотиннің салыстырмалы түрде зияны аз екені жазылған. Дегенмен қоғамда әлі күнге дейін «никотин = қатерлі ісік» деген түсінік бар, яғни қоғамдық пікір мен ғылыми тұжырым арасында алшақтық байқалады. Никотинге қатысты моральдық үрей, паника қалыптасқан. Никотиннің қатерлі ісік тудырушы элемент екенін ешбір беделді денсаулық сақтау ұйымы растаған жоқ. Халықаралық қатерлі ісік зерттеу институты да оны канцерогендер қатарына қоспайды», — деді ол.
Томоко никотинді мүлде зиянсыз деп айтуға болмайтынын, әсіресе жасөспірімдер мен жүкті әйелдер үшін қауіпті екенін, сондықтан бұл топтарға никотин өнімдерін қолдануға қатаң тыйым салу керек екенін ескертті. Ол адамдарға никотин өнімдерін қолдануға насихат жасамайтынын, түтінсіз өнімдер тек темекі тұтынушылардың денсаулығы мен өмірін жақсартуға бағытталған өнім екенін баса айтты.
Томоко темекі тұтынушылардың түтінсіз өнімдерге ауысуы тұрғындардың денсаулығына ғана емес, экономикасына да әсер ететінін алға тартты. Оның айтуынша, Швецияда адамдар түтінсіз темекі – снюс қолдануға көшкен. Соның нәтижесінде елде өкпе қатерлі ісігі мен темекіден болатын аурулардың көрсеткіші Еуропадағы ең төмен деңгейге түскен. Бұл – зиянды азайту тәсілінің нәтижесі.
«Жапонияда кейінгі 10 жылда түтінсіз өнімдер пайда болғаннан бері темекі шегетіндер саны екі есе қысқарды. Мұндай өзгеріс денсаулық сақтау саласына айтарлықтай экономикалық пайда әкеліп жатқанын байқауға болады. Жапонияда тәуелсіз денсаулық экономистері зерттеу жүргізіп, шылым шегетіндердің 50%-ы түтінсіз өнімге ауысса, жылына 3 миллиард доллар медицина шығыны үнемделетінін есептеп шықты», — деді Иида Томоко.
Оның айтуынша, ғылыми дәлелдерге сүйеніп, никотин мен жанудың аражігін ажырата білу керек. Бұл — тек компанияның емес, бүкіл қоғамның міндеті.
Technovation халықаралық форумы «Темекі қолдансаңыз, тастаңыз, тастай алмасаңыз, өзгеріңіз, темекі шекпейтін болсаңыз, бастамаңыз» деген ұранмен өтті. Форум ғылым, бизнес пен журналистер арасындағы ашық диалог алаңына айналды. Іс-шараға қатысқандар қоғам мен мемлекет темекі шегетіндерге зияны аз балама ұсынса, «түтінсіз болашақ» шындыққа айнала алады деген қорытындыға келді.

