Қостанай облысында интернет-алаяқтарға көмектесіп жүрген 16 жасөспірім ұсталды. Бұл туралы облыстық ПД хабарлап отыр.
Олардың заңсыз әрекеттерінен Қазақстан азаматтарына 80 миллион теңгеден астам шығын келген.
Тергеу барысында анықталғандай, жасөспірімдердің бірі – Лисаков қаласының 18 жастағы тұрғыны. Ол жаңа SIM-карталарды алаяқтарға жеткізіп отырған. Кейін бұл нөмірлер әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жалған аккаунттар ашу үшін қолданылған. Тінту кезінде оның үйінен 21 телефон, 48 SIM-карта және модем тәркіленді. Сонымен қатар 17–20 жас аралығындағы тағы 15 жасөспірімнің дәл осындай қылмыстық әрекеттерге тартылғаны белгілі болды, — делінген хабарламада.
Полицияның айтуынша, күдіктілердің әрекетінен Алматы, Астана, Ақтөбе, Қостанай және Семей тұрғындары зардап шеккен.
Құқық қорғаушылардың мәліметінше, мұндай «дропперлік» қызмет үшін заң бойынша жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Жасөспірімдердің қылмысқа қатысқаны үшін тек өздері ғана емес, ата-аналары да жауапқа тартылады.
