Қазақстанның бас прокуратурасы кибералаяқтықтың алдын алу үшін көлік иелеріне ескерту жасап, ақпарат таратқан.
Бұл туралы прокуратураның баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір әлемде, әсіресе Ресей мен АҚШ-та көлігі бар азаматтардың электрон поштасы немесе жеке месседжеріне айыппұл туралы хаттама жіберіп, банк картасынан ақша ұрлайтын алаяқтар көбейген. Бас прокуратура бұндағы ең басты қауіп сол хаттың ішіндегі сілтеме дейді.
Хаттың ішіне сілтеме қойып, айыппұлды сол арқылы төлей алайсыздар дейді. Шын мәнінде, бұл фишингтік шабуыл. Банк картасының деректерін енгізген кезде сіздің шотыңызға толық қол жеткізген олар ақшаңызды түгел шешіп ала алады. Жекелеген жағдайларда сілтемеде құрылғыдан жеке деректерді ұрлауға арналған вирус та болады, — деді бас прокуратура.
Айта кетейік, Қазақстанда әкімшілік айыппұл туралы ресми ақпарат тек 1414 қысқа нөмірінен келеді және ондай хаттарда ешқашан сілтеме болмайды. Бұдан өзге азаматтар айыппұл туралы ақпаратты бірқатар банк қолданбасынан тез тексеріп, сол қолданба арқылы төлей алады.
