Іле-Алатау ұлттық паркінде 2 524 метр биіктікте орналасқан Фурманов шыңының етегіндегі атақты әткеншектің қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды.
Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Бұл нысан ұзақ жыл бойы Алматы тұрғындары мен туристері үшін таудағы ең танымал орынның бірі ретінде жақсы таныс. Жаңғырту жұмыстары туризм саласындағы ұлттық жоба аясында жүргізілді. Басты мақсат – қауіпсіздік пен қолайлылықты арттыру, сонымен бірге әткеншекті ерекше ететін атмосфераны сақтау арқылы таудағы демалыстың және жарқын әсердің алаңына айналдыру.
Жұмыс барысында тіреуіштер күшейтіліп, заманауи вандалға төзімді әрі экологиялық материалдар қолданылып қайта құрастырылды. 500 келіге дейінгі салмақ көтере алатын жаңа орындықтар орнатылды. Сонымен қатар аумақ абаттандырылды: жаңа орындықтар мен қосымша демалыс элементтері орнатылды. Табиғи ландшафтпен үйлесетін шағын сәулет нысандары пайда болды, – делінген хабарламада.
Әкімдіктің мәліметінше, жаңғыртудан кейін әткеншек қайтадан алматылықтар мен қала қонақтарының игілігіне берілді.
