Алматыда арнайы операция барысында үш полицейдің ел азаматтарынан ақша бопсалап жүргені анықталды. Бұл туралы ІІМ хабарлап отыр.
Күдіктілерден «Полицияға жәрдемдесу жасағы» атты қоғамдық бірлестіктің жалған қызметтік куәліктері, кісендер және ақша тәркіленді. Тергеу деректеріне сәйкес, олар жәбірленушілерді қылмыстық жауапкершілікке тартамыз деп қорқытып, қолма-қол немесе банк арқылы ақша талап еткен.
Ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалды, сот санкциясымен қамауда қалды. Қазіргі таңда «Бопсалау» бабымен қылмыстық іс қозғалды.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев мұндай дерек Алматыда биыл тіркелген үшінші жағдай екенін атап өтті.
Мұндай әрекеттер қоғамның полицияға деген сеніміне нұқсан келтіреді. Сондықтан біз оларды қатаң түрде тоқтатамыз. Нағыз полиция қызметкерлері тек заң аясында әрекет етеді, – деді ол.
ІІМ қала тұрғындарын өзін полицеймін деп таныстырған адамдардың іс-әрекетіне күмән туса, бірден «102» нөміріне хабарласуға шақырды.
