Басты бетБес жұлдызды...

Бес жұлдызды қонақүй қандай болуы керек?

Адамдар қонақүйдің сапасы оған берілетін жұлдыздар санымен анықталады деп ойлайды. Бұл қате түсінік. Шын мәнінде, жұлдыздар санын анықтайтын бірегей дүниежүзілік стандарт жоқ. Сондықтан, жұлдыз саны бірдей екі қонақүй сапа жағынан бір-біріне мүлде ұқсамауы мүмкін. Еуропа елдерінде қонақүйге жұлдыз беруді арнайы коммисия шешетін болса, Азия елдерінде әр қонақүй өзіне-өзі жұлдыз бере алады. Әрине, бұл бағалау әр елдің заңды түрде тіркелген шарттарына байланысты жүзеге асырылады. Алайда, бәріне ортақ шарттар да жоқ емес.

Бір жұлдызды қонақүй

1 жұлдызды қонақүйБір жұлдызды қонақүй — жеке тұрған кішігірім ғимарат. Бөлмелері бір типті болады. Әр бөлмеде төсек, шкаф, үстел, айна, орындық болуы шарт. Сонымен қатар қонақтарға  сабын және сүлгі беріледі, бірақ олар күнделікті ауыстырылмайды. Бөлменің ішінде жеке әжетхана мен душ болмауы мүмкін. Телевизор және телефон не бөлмеде, не холлда ғана орналасады. Ресепшн түнде жұмыс істемейді.

Екі жұлдызды қонақүй

2 жұлдызды қонақүйБұндай қонақүйдің бір жұлдыздыдан айырмашылығы көп емес. Әдетте, екі жұлдызды қонақүйлер 2-4 қабатты ғимараттарда орналасады. Қонақтардың жүгін көтеретін лифт болуы міндетті. Одан басқа кішігірім асхана немесе түрлі ішімдіктер ұсынуы мүмкін. Дегенмен, сүлгі мен төсек жаймасы жиі ауыстырылмайды.

Үш жұлдызды қонақүй

3 жұлдызды қонақүйҮш жұлдызды қонақүйге қойылатын басты шарт — әр бөлменің жеке әжетханасы және душ немесе ваннасы болады. Мұндай қонақүйлердің басым көпшілігінде бөлмелер салқындатқышпен жабдықталған. Сүлгіні күнделікті ауыстырып тұрады, ал төсек-орын аптасына екі рет ауыстырылады. Қонақүйдің территориясында бассейн, мейрамхана, бизнес және фитнес-орталықтар орналасуы мүмкін.

Төрт жұлдызды қонақүйлер.

4 жұлдызды қонақүйТөрт жұлдызды қонақүйлерде бөлмелер күнделікті жиналады. Сүлгі мен төсек күн сайын ауысытырылады. Әр бөлмеде фен, салқындатқыш, телефон, телевизор, сейф, мини-бар, сусабын, душқа арналған гель болады. Қонақ үйде бір немесе бірнеше мейрамхана, бассейн, фитнес-орталықтары бар. Тіркеу залы үлкен, бөлек орналасқан қызмет көрсету орталықтары қарастырылған. Қонақтардың көліктерін орналастыратын тұрақ болады. Ресепшн 24 сағат бойы жұмыс істемесе де, телефон арқылы әрқашан байланыса аласыз.

Бес жұлдызды қонақүйлер.

Ресепшн, швейцар және қол жүгіңізді бөлмеге дейін жеткізетін қызмет 24 сағат бойы жұмыс істейді. Қонақүй қызметкерлері бірнеше тілде еркін сөйлейді. Қонақүйде бір немесе бірнеше конференц зал, түрлі тағамдарды ұсынатын бірнеше мейремхана, фитнес-орталықтар, балалар орталықтары, бірнеше бассейн болады. Территориясы гольф алаңдармен жабдықталуы мүмкін.