Дәурен Абаев ВВС басшыларымен меморандум жасасты

Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев ВВС Worldwide басшылары Шон О Хара және Сергей Становкинмен кездесті.

Дәурен Абаев, BBC

Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландияның біріккен корольдігіне жұмыс сапары барысында Дәурен Абаев BBC басшыларымен кездесу өткізді. Екі тараптар ынтымақтастықтың болашағы мен бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін талқылады.

Нәтижесінде Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен ВВС Worldwide корпорациясы арасындағы меморандумға қол қойылды.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, меморандум аясында редакциялық жоспарларды алмасуға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыру, дөңгелек үстелдер өткізу, ұлттық және аймақтық БАҚ үшін лекциялар ұйымдастыру, сонымен қатар Қазақстанның туристік және инвестициялық әлеуетін ілгерілету жоспарланған.

Сондай-ақ, меморандумда негізгі бағыты цифрлық эфирлік хабар таратуға көшу аясында қазақстандық телеарналардың техникалық дамуы бойынша бірлескен кеңес беруді жүргізу, ақпарат мен тәжірибе алмасу болып табылатын жұмыс тобын құру қарастырылады.