Елімізде 22 су қоймасы салынады

Еліміздің 7 облысында 22 су қоймасын салу жоспарланып отыр. Олар: Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстары. Құрылыс жұмыстары 2021 жылы аяқталуы тиіс.

Жаңа су қоймалары 1,9 текше метр ағын суды тосып алуға мүмкіндік береді. 22 су қоймасының жалпы құны 57,2 млрд теңгені құрайды. Мәжіліс барысында осы уақытта аталған мәселе бойынша инвестициялық ұсыныс түсіп, ол тиісті органдар тарапынан мақұлданған соң Қаржы министрлігіне техника-экономикалық негіздемелері мен жобалау-сметалық құжаттарын дайындауға жіберілетіндігі айтылды.

Сонымен қатар, 2017-2021 жылдарды қамтитын Агроөнеркәсіп кешенін дамыту мемлекеттік бағдарламасы бойынша, гидротехникалық құрылғылардың тиімділігін арттыру мен оның жұмысқа қабілеттілігін сақтау бойынша іс-шаралар қарастырылған.

2018 жылдан бастап, 26 апатты жағдайдағы су қоймаларын қайта жөндеу жұмыстары жоспарланып отыр. Өз кезегінде бұл шара су шаруашылығы құрылғыларын пайдалануда қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, 148 га аймақтағы жердің суармалылығын арттырады.

ДереккөзInform.kz