Алматыда Мемлекеттік туды көтеру рәсімі өтті

4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күніне орай Алматыда «Батыр» президенттік полкінің арнайы тобы ту көтеру салтанатты рәсімін өткізді.

Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Патриоттық іс-шара тау баурайындағы «Медеу» спорт кешенінде ұйымдастырылды. Салтанатты рәсімге қала әкімі Дархан Сатыбалдымен қатар, мәдениет пен спорт қайраткерлері, қоғам белсенділері, Қазақстан Халқы Ассамблеясының және жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көкке көтерілер тұста Б. Байқадамов атындағы хор капелласы мен Алматы гарнизонының үрлемелі оркестрі Мемлекеттік Әнұранды орындады. Ал салтанатты іс-шарадан кейін көпшіліктің назарына қаладағы жетекші шығармашылық ұжымдар мен өнерпаздардың қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылды. Көрермен «Қазақстаным», «Отан», «Туған жер», «Туған жерім тамаша», «Сүйікті елім», «Мен Қазақпын», «Ұлы дала», «Қазағым», «Атамекен» сынды бірқатар патриоттық әрі эстрадалық композицияны тыңдады, — делінген хабарламада.