Қазақстандық әртістер тойға шақыртудың қаншалықты жиі түсетінін және дағдарыстың қаламақыға қалай әсер еткенін ашық баяндады.
Әнші Ерке Есмахан
Ерке Есмахан дағдарысты еш сезінбегенін жасырмады.
«Дағдарыс бастала салысымен, Төреғали Төрәлі екеуіміздің “Алло” әніміз көрерменге жол тартты. Жаңа ән жанкүйерлердің көңілінен шығып, халыққа тез тарады. Содан болар, тойға да, мерекелік кештерге де бізді көп шақыра бастады. Тіпті қазір мені тойдан жиі кездестіресіз. Дағдарысқа дейін мұндай сұраныс болған жоқ еді», – дейді Ерке Есмахан.
Әншінің ойынша, дағдарыстың ықпал етуі адамның әрекетіне байланысты. Әртіс репертуарын толықтырып, жаңа әндер жазуды жоспарлап отыр және дағдарыс оған әсер етпейтініне бек сенімді.
МС Сайлаубек
Түсініксіз тілде ән айтатын рэпер шығармашылығына дағдарыстың әсер етпейтінін мәлімдеді.
«Халықтың сұранысы азайған жоқ. Біз ешқандай дағдарыстан әлде қиындықтан қорықпаймыз. Бұл алдымыздан тек жаңа мүмкіндіктер ашады», – дейді МС Сайлаубек.
Mysterions тобы
Ал Mysterions тобының әншілері дағдарыстың жігіттердің өнеріне көлеңкесін түсіріп жатқанын жасырмайды. Қазір топ солистері мерекелік кештерге, тойға көп шақырту алмайтын көрінеді.
«Егер біздің топты алсақ, біз тойға көп шықпаймыз. Көбінесе үлкен концерт залдарында, алаңдарда, клубтарда өнер көрсетеміз. 2016-2017 жылдар халыққа ауыр соғары сөзсіз, бұл уақытта да еңсемізді төмен түсіруге болмайды», – дейді әртістердің бірі.
“All Давай” тобы
«Теңгемен есептесек, қаламақымыз сол қалпында, ал доллармен есептегенде, табысымыз екі есе азайды», – деп мойындады музыканттар.
Әнші Ернар Айдар
«Дағдарыс бәріне бірдей әсер етті, бізді де айналып өткен жоқ», – деп қысқа қайырды Ернар Айдар.
Продюсер Алуа Қонарова
«Менің әртістерім үлкен алаңдарда ән айтады, дағдарысты едәуір сезіндік. Тойға мүлдем шықпаймыз, оған тәуелді де емеспіз», – дейді продюсер.
Әнші Кентал
Кентал халықтың сұранысы азайғанын бірден ауызға алды.
«Менің ойымша, басқа түскен қаржылық жағдайға халықтың еті үйренуі керек. Біраз уақыттан соң, бәрі өз орнына келеді, тығырықтан шығатынымызға күмәнім жоқ», – деп үміттенеді Кентал.
Әнші Луина
«Дағдарыс жұмысымызға әсер етпей қоймады. Әртістердің табысы екі есе төмендеді, шақыртуды да аз аламыз.
Әнші Димаш Құдайберген
«Дағдарысты аса сезіне қойған жоқпын. Дүркіретіп той өткізу қазақтың қанныда бар қасиет. Ол ешқашан толастамақ емес. Тіпті халық сол үшін несие алады. Әртістердің жағдайы да бұрынғы қалпында секілді. Болашақта да ештеңе өзгере қоймас», – деп нық сеніммен жауап берді “Славян базарының” жеңімпазы Димаш.